Тәртіп сақшылары қала тазалығын тұрақты қадағалайды
Павлодар облысының полиция қызметкерлері абаттандыру ережелерін бұзу деректерін анықтап, құқық бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартуда, -деп хабарлайды Polisia.kz.
– Полиция қызметкерлері қаланың абаттандырылуын бақылау бойынша рейдтерді тұрақты түрде жүргізеді. Ал қыс мезгілінде түрлі ұйымдардың, дүкендердің, дәмханалардың, аулалардың іргелес аумақтарын қар мен мұздан уақтылы тазарту мәселесі ерекше өзекті. Павлодарлық тұрғындар ешқашан өз қалаларын абаттандыру мәселесіне бейжай қараған емес. Бұл дұрыс және өте маңызды, өйткені кешенді абаттандыру міндеттерін тиімді шешу тұрғындардың қатысуынсыз, түсіністігі мен қолдауынсыз мүмкін емес. 19 қаңтарда сағат 10.00 шамасында полицияға қала тұрғыны хабарласып, қала цехтарының бірінің аумағы қар мен мұздан тазартылмағанын айтты. Ер адам бұл өтіп бара жатқан адамдарға ыңғайсыздық туғызатынын, сонымен қатар тайып құлау және жарақат алу қаупі жоғары екенін айтып жеткізді. Аталған мекенжайға келген полиция қызметкерлері цех иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Жазадан кейін цех иесі осы ұйымның жанындағы аумақты тазартты, – деді Павлодар облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғалым Сарғұлов.
Бұл бапқа сәйкес құқық бұзушылықтарға жол бергені үшін азаматтарға бірінші рет ескерту жасалып, содан кейін 300 АЕК-ке дейін айыппұл салуға әкеп соқтырады.
Осындай ұқсас факт – гүл дүкенінің жанындағы қардың тазаланбағандығы туралы полицияға тағы да қала тұрғындары хабарлады. Тәртіп сақшылары дүкен директорына қатысты әкімшілік іс қозғады.
Полиция қызметкерлері азаматтарды, ұйымдардың иелерін, жеке кәсіпкерлерді саналы болуға, жақын маңдағы аумақтардың, аулалардың, көшелердің тазалығын сақтауға және жауапкершілікті есте сақтауға шақырады.