Павлодарда жол қозғалысы ережелерін бұзудың 2000-ға жуық дерегі анықталды
2021 жылы Павлодар қаласының патрульдік полиция батальонының полицейлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 2000-ға жуық дерегін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Олардың ішінде басып озу және маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін 138 жүргізуші жауапкершілікке тартылды, 155 жүргізуші жаяу жүргіншілерге жол бермеген, қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 481 жүргізуші ұсталды, жалған нөмірлермен жүрген екі автокөлік құралы анықталды, – деді Павлодар қаласының патрульдік полиция батальонының командирі Ренат Шарипов.
Күн сайын қала бойынша қоғамдық тәртіпті сақтауға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге патрульдік полиция батальонының 100-ден астам қызметкері кезекшілікке түседі. Өткен тәулікте олар 108 әкімшілік хаттама толтырды.
Айта кету керек, батальон полицейлері бүгінде жол қауіпсіздігін ғана емес, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін де тиімді жүзеге асыруда.
Олар түрлі құқық бұзушылықтар жасаған 187 адамды анықтады, уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына 45 мас азаматты жеткізді.
Мысалы, сағат 02.10 шамасында Абай-Ломов көшелерінің қиылысында полиция қызметкерлері 22 жастағы жас жігітті тоқтатты, оны тексеру кезінде күртешесінің қалтасынан жиналмалы пышақ табылды. Осыдан кейін ер адам мән-жайды анықтау үшін полиция бөліміне жеткізілді.
Сол күні сағат 03.35 шамасында Н.Назарбаев даңғылында жүргізушісі мас күйде болған «Mitsubishi Lancer» автокөлігі тоқтатылды. Медициналық сараптама жүргізушінің мас екенін растады. Сонымен қатар, онда жүргізуші куәлігі болған жоқ, кейінірек жүргізушінің ешқашан көлік жүргізуді үйренбегені белгілі болды. Көлік айыппұл тұрағына қойылды, ер адамға қатысты Қазақсьан Республикасы ӘҚБтК-нің 608-бабының 6-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Сонымен қатар, полицейлер қоғамдық және жол қауіпсіздігі әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі екенін еске салады, сондай-ақ қала көшелерінде жол қозғалысы ережелері мен құқықтық тәртіпті сақтауды сұрайды.