Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Беларусь азаматы павлодарлық полицейлерге алғысын білдірді

Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімовтің атына Беларусь Республикасының азаматы Андрей Гончаренкодан алғыс хат келіп түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ол Тереңкөл ауданының полиция бөліміне көрсеткен көмегі үшін үлкен алғысын білдірді.

– 2021 жылғы 26 қаңтарда Тереңкөл ауылының маңындағы «Омбы-Майқапшағай» автожолын патрульдеу кезінде Тереңкөл ауданының полицейлері кюветте аударылып қалған, тіркемесі бар «Вольво» маркалы жүк автокөлігін байқаған. Жүргізуші Беларусь Республикасынан Павлодар қаласына ет өнімдерін алып келе жатқан. Жол бойында көлікті басқара алмай, көлік кюветке аударылған, – деді Тереңкөл аудандық полиция бөлімінің бастығы Арман Кәрімов.

Оқиға туралы полицейлер кезекші бөлімге хабарлап, автокөлік кранның көмегімен көтеріліп, жүргізуші аман-есен өз жолын жалғастырған.

Айта кету керек, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін аталған жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 620-бабы (Жол жүрісіне қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

– Мен полицейлерге және басқа да адамдарға көрсеткен көмектері мен көңіл бөлгендері үшін ризамын. Тас жолда көліктер көп өтіп жатқанымен, көмек керек пе деп бұрылып, тоқтаған жан болмады. Полиция қызметкерлері келіп, бірден көмек ұйымдастырды. Барлық көрсетілген көмек үшін Тереңкөл ауданының азаматтарына көп рахмет, әрқашан аман – сау болыңыздар,- деді Андрей Гончаренко.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру