Елордалық полицейлер алаяқтың әрекеттерінен зардап шеккен азаматтарды іздеуде
Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері пәтер алаяғының қылмыстық әрекеттерінің салдарынан зардап шеккен азаматтарға полицияға хабарласуды сұрайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
27 жастағы келіншек азаматтарға мемлекеттік бағдарламамен кезектен тыс тұрғын үй алып беруге уәде берген.
Ол «қолжетімді бағамен баспана алуға көмектесемін» деп азаматтардан түрлі сомадағы қаражат алып отырған.
Күдікті 2015-2017 жылдар аралығында адамдардың сенімдеріне кіріп, оларға ірі мөлшерде материалдық шығын келтірген.
Шығынның жалпы сомасы шамамен 300 млн. теңгені құрайды.
Қазіргі таңда күдікті өз кінәсін толық мойындап, Сарыарқа аудандық сотының шешіміне сәйкес Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен (Алаяқтық) жеті жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Жоғарыда аталған азаматшаның қылмыстық әрекеттерінен зардап шеккен тұлғаларға Бейбітшілік көшесі 19 мекенжайында орналасқан Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментіне +7(7172)71-62-26 немесе «102» телефон нөмірлері арқылы хабарласуға болады.