Павлодарда порнографиялық материалдар таратқан ауыл тұрғыны қылмыстық жауапкершілікке тартылды
Павлодар облысының тұрғыны порнографиялық материалдар таратқаны үшін бас бостандығын бір жыл мерзімге шектеу жазасына сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылдың желтоқсан айының соңында Павлодар облысының Успен ауданының полиция бөліміне аудан тұрғындарының бірінің «WhatsApp» мессенджеріндегі 250-ден астам қатысушыcы бар топқа порнографиялық бейнематериал жібергені туралы хабарлама келіп түсті.
– Полиция қызметкерлері аталған азаматты анықтады. Ол Успен ауданының тұрғыны болып шықты. Тергеу бөлімшесі порнографиялық материалды заңсыз таратқаны үшін 47 жастағы ер адамға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 311-бабы (Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Сотқа дейінгі тергеу барысында күдікті өз құқығын пайдалана отырып, кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процессуалдық келісім жасау туралы өтініш білдірді, – деді Павлодар облысы Успен ауданының полиция бөлімі бастығының орынбасары Асқар Аралбаев.
Полиция қызметкерлері аталған азаматтың бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталғанын атап өтті.