Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шарбақты ауданы полиция бөлімінің бастығы атқарылған жұмыстар туралы халыққа есеп берді

Шарбақты аудандық полиция бөлімінің бастығы Елдос Нұрғалиев Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімовтың қатысуымен аудан тұрғындарына есеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бірінші кезекте, Елдос Нұрғалиев қатысушылардың назарын Ішкі істер министрлігі жуырда ғана іске қосқан «102» мобильді қосымшасына аударды.

Сондай-ақ, ол есеп беру барысында 2020 жылғы жедел-қызметтік жұмыстың нәтижелері туралы айтып берді. Елдос Нұрғалиев полицейлер тарапынан негізгі күш құқықтық тәртіпті, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ қылмыстарды ашудың, өтініштер мен хабарламаларды тіркеудің тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өңірде ауырлығы орташа қылмыстар саны 67-ден 53-ке дейін қысқарып, қылмысты ашу көрсеткіші 85%-ды құрады. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстардың тіркелуі 14-тен 11-ге дейін төмендеді, бұл санаттағы қылмыстарды ашу-80%-ды құраған. Бұдан басқа, қоғамдық орындарда, көшелерде, сондай-ақ мас күйінде жасалған құқық бұзушылықтар саны азайған.

– 2020 жылы аудан аумағында бірде-бір тонау, зорлау, қорқытып алу, мал ұрлау, автокөлік ұрлау, қалта ұрлығы, бұзақылық, сондай-ақ қаруды заңсыз сақтау оқиғасы болған жоқ, – деп атап өтті ол.

Шарбақты ауданының полицейлері 2020 жылы жол қозғалысы ережелерін бұзудың 1455 дерегін, қоғамдық қауіпсіздікті бұзудың 1886 дерегін анықтаған. Мас күйінде көлік жүргізген 51 жүргізуші ұсталған.

Бұдан басқа, ол қараусыз жайылып жүрген мал проблемасына баса назар аударды. Ауданда қараусыз жайылған малды қамауға арналған 13 коммуналдық тұрақ бар. Мәселен, 2020 жылы аталған тұрақтарға қараусыз жайылып жүрген 1765 бас мал орналастырылды. 239 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Елдос Нұрғалиев кездесу барысында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталып, аудан тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.  Кездесу соңында Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мырзаханұлы кездесуге қатысушыларға өзекті мәселелерді талқылағаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғысын білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру