Май ауданы ПБ бастығы аудан тұрғындарына есеп берді
25 ақпанда Май ауданы полиция бөлімінің бастығы Нығметолла Қаббасов Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімовтің қатысуымен аудан тұрғындарына атқарылған жұмыстар туралы есеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Нығметолла Қаббасов аудан аумағында ауырлығы орташа қылмыстардың 32%-ға төмендеуіне қол жеткізілгенін атап өтті. Тонау, бопсалау қылмыстарына, бұзақылыққа жол берілген жоқ. Сонымен қатар, бөтеннің мүлкін ұрлау саны 35%-ға азайған.
– Мал ұрлығы ауылдық жерлердегі өзекті мәселелердің бірі болып табылады және қазіргі уақытта бұл мәселе ерекше бақылауға алынған, – деді ол.
Полиция қызметкерлері қабылдаған шаралар нәтижесінде мал ұрлығын 54%-ға төмендетуге қол жеткізілген. 773 бас қараусыз мал арнайы тұрақтарға орналастырылып, мал иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мас күйде жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында бес адам алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеуге жіберілген. Алкогольдік ішімдіктердің заңсыз айналымы саласында төрт құқық бұзушылық анықталған.
Өңірде ірі төрт жол-көлік оқиғасы тіркеліп, солардың салдарынан алты адам жарақат алып, бір адам қайтыс болған.
Онлайн-кездесу барысында көші-қон қызметінің жұмысына ерекше назар аударылды, аудан аумағына 19 шетелдік келіп, уақытша тіркелген.
– Полиция бөлімінде тіркелген 88 азаматтық қару бар. Құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері қару иелерін тұрғылықты жерлері бойынша тұрақты тексерулер жүргізеді, қаруды сақтау ережелерін бұзғаны үшін 28 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Нығметолла Қаббасов.
Есеп беру барысында Нығметолла Матанұлы аймақтағы жедел жағдай тұрақты және үнемі бақылауда екенін баса айтты.
Сөз соңында Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов аудан тұрғындарына белсенді азаматтық ұстанымы және диалогқа қатысқаны үшін алғыс айтты.