Тойханада той ұйымдастырған шымкенттік жауапқа тартылды
Шымкентте карантин режимін елемеген тойханалар анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері карантин режимінің сақталуын бақылау мақсатында профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Әл-Фараби ауданы бойынша жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде Шымкент қаласы Бас санитарлық дәрігерінің Қаулысын сақтамаған кәсіпкерлік нысан анықталды.
Яғни Рысқұлова көшесі бойында орналасқан «Жұлдыз» тойханасында той-жиын болып жатқаны анықталды. Кәсіпкерлік нысан иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормаларды бұзу) бойынша іс-құжаттар жинақталды. Жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін тиісті органға, яғни аудандық Тауарлар мен көрсетілген қызметтердің қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.