Екібастұзда мас адам біреудің көлігін рұқсатсыз айдап кеткен
Екібастұзда мас адам біреудің көлігін заңсыз айдап әкеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– 2021 жылғы 27 наурызда сағат 02.00 шамасында полиция қызметкерлері «Солнечный – ГРЭС-1 – Екібастұз» автожолында Солнечный кентінің 36 жастағы тұрғыны басқарып келе жатқан «ВАЗ-21124» автомашинасын тоқтатқан. Құжаттарын тексеру кезінде жүргізушіден алкогольдің иісі сезілген. Медициналық куәландыру қорытындысы жүргізушінің мас екенін көрсеткен, – деді Павлодар облысы Екібастұз қаласы Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Қайыржан Шәкәрғалиев.
Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 6-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік іс қозғалды және оған сот қаулысымен 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды. Автомашина арнайы айыппұл тұрағына қойылды.
Ішімдікке тойып алған жүргізушінің әңгімесі мұнымен аяқталмалмаған. Сағат 02.15-те полицейлерге «ВАЗ-21124» автокөлігінің ұрланғаны туралы хабарлама келіп түскен. Бұл ретте бағдарда көрсетілген автокөліктің сипаттамасы ұсталған автокөлікпен сәйкес болған. Мән-жайды анықтау барысында 36 жастағы ауыл тұрғынының біреудің көлігін мас күйінде айдап кеткені анықталған.
Автокөлікті заңсыз айдап әкету фактісі бойынша ауыл тұрғынына қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 200-бабымен (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу (айдап кету) сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.