Атырауда 3 мыңнан астам жол жүру ережесін бұзу фактісі анықталды
Атырауда 3000-нан астам жол жүру ережесін бұзу фактісі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы аумағында «Қауіпсіз жол» республикалық акциясы өткізілуде, оның аясында рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруда.
Аталмыш акцияның мақсаты – жүргізушілердің көлік тәртібін арттыру, жол көлік оқиғаларының санын азайту, сондай-ақ көлік жылдамдығын асыру, басып озу, қарсы қозғалыс жолағына шығу және басқа да жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу. Іс-шаралар Атырау облысының аудан орталықтарында да өткізілді.
– Акция өткізілген жеті күн ішінде облыста 3404 жол қозғалысы ережелерін бұзушылық анықталды – деді Атырау облысы полиция департаменті бастығы полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.
Атап айтқанда:
– жылдамдықты арттыру – 651,
– қауіпсіздік белдігін тақпаған – 578,
– көлік жүргізу кезінде ұялы телефонды пайдаланған – 204,
– техникалық байқаудан өтпеген – 241,
– Тиiстi рұқсатсыз қайта жабдықталған көлiк құралын басқару – 56,
– Маневр жасау қағидаларын бұзу – 137,
-Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы – 395,
– Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу – 18 көлік анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Сонымен қатар көлік рөліндегі 32 мас жүргізуші ұсталды.
Арнайы тұраққа 57 автокөлік қойылды. Сондай-ақ 6 741 252 теңге сомасына әкімшілік айыппұл өндірілді.
Айта кету керек, мұндай рейдтік іс-шаралар жол-көлік оқиғаларын болдырмау, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу бойынша профилактикалық шаралардың бірі болып табылады.