Ақмолалық полицейлер табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 38 фактісін анықтады
«Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасының бірінші күні ақмолалық полицейлер табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 38 фактісін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Браконьерлікті, биологиялық ресурстар объектілерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу, экологиялық қылмыстарды ашу, аңшылық атыс қаруын, сондай-ақ суық қару мен патрондарды заңсыз алып жүру, балық аулау, ағаш кесу, сүрек дайындау және табиғат пайдаланудың басқа да түрлерін анықтау мақсатында 3-9 тамыз аралығында Ақмола облысының аумағында «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілуде.
– Ең көп таралған құқық бұзушылықтар – бұл жануарлар дүниесін пайдалану талаптары мен аң аулау ережелерін бұзу, заңсыз балық аулау, – дейді полиция қызметкерлері.
Құрамына жергілікті полиция қызметі, криминалдық полиция құрылымдарының қызметкерлері кірген арнайы құрылған мобильді топтар бірінші күні табиғатты қорғау қызметі желісі бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Рейд барысында 38 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Оның ішінде ҚР ӘҚБтК 382-бабы бойынша заңсыз аң аулау және аң аулау ережелерін бұзғаны үшін 30 құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК 383-бабы бойынша су жануарларын заңсыз аулағаны және балық аулау ережелерін бұзғаны үшін жеті әкімшілік материал жасалды. ҚР ӘҚБтК 381-1-бабы (Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдіру) бойынша бір құқық бұзушылық анықталды.