Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде тергеу изоляторындағы айыпталушы ұлына ұялы телефон кіргізбек болған әйел ұсталды

Ақтөбеде тергеу изоляторындағы айыпталушы ұлына ұялы телефон кіргізбек болған әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168/1 тергеу изоляторының тергеу-қамауындағы айыпталушы ұлына ұялы телефонды сөмкесіне тығып жеткізбек болған 53 жастағы азаматша ұсталды.

Мекеме қызметкерлері «Ұрлық» бабы бойынша күдікке ілінген ұлымен кездесуге келген азаматшаны жіті тексеру барысында, оның сөмкесінен ұялы телефон, зарядтау құрылғысы және ойын картасын тапты.

– Осындай жолмен ұлына «көмектеспек» болған Ақтөбе облысының тұрғыны өз түсініктемесінде кінәсін жазбаша түрде толық мойындады.
Орын алған жағдайға байланысты, аталған азаматшаға ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, құжаттар Ақтөбе қаласының әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған сотына жолданды, – деді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Алмас Шамишев.

Департамент бастығының айтуынша, мекеме әкімшілігі тарапынан беріліп келетін ескертулерге қарамастан, күдіктілер мен айыпталушылардың туыстарының мекемеге тыйым салынған заттарды алып кіру фактілері әлі күнге тыйылар емес. Мәселен, ағымдағы жылдың тоғыз айында КА-168/1 мекемесіне тыйым салынған заттарды кіруге тырысқан тоғыз азамат анықталып, ұсталған болса, олардың бірі телефонды сусабынның ыдысына, екіншісі – аяқ киімге, ал үшіншісі – іш киіміне жасырып кіргізбек болған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру