ҚАЖК басшысы ЕО-ның Қазақстандағы жаңа елшісін қабылдады
ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Кестутис Янкаускаспен және бірлестіктің өкілдігімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Еуропалық делегация жергілікті жазаларды орындау жүйесімен, оның жаңалықтарымен және жүргізіліп жатқан реформаның нәтижелерімен танысу мақсатында келді. Пробация қызметінде есепте тұрған сотталғандар үшін қашықтықтан бақылау құралдарын енгізу, атап айтқанда оларға қатысты электрондық білезіктерді қолдану қонақтардың қызығушылығын тудырды.
– Бірінші кезекте электрондық білезіктер жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстары үшін сотталғандарға және жазаны өтеу шарттарын үнемі бұзатындарға қолданылатын болады. Қалған сотталғандар үшін мобильді құрылғыларда арнайы қосымшаны пайдалану көзделеді. Қажетті жабдық жалға беру негізінде пайдаланылады, бұл оған қызмет көрсету шығындарын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді ҚАЖК басшысы.
Кездесуге қатысушылар жаппай бейнебақылау жүйесін енгізуге, жаңа колониялар салуға, сондай-ақ Қазақстан Тәуелсіздігінің отыз жылдығына орайластырылған алдағы рақымшылыққа ерекше назар аударды.
Ағымдағы жылдың соңына дейін аса күрделі жедел жағдаймен 29 мекеме бейнебақылау камераларымен қамтылады, мұнда сотталғандар саны жазасын өтеушілердің жалпы санының 53%-ын құрайды.
Оларды ұстау жағдайларын жақсарту мақсатында ІІМ пенитенциарлық жүйесінің инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі жол картасы әзірленіп, бекітілді. Ол мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде барлық халықаралық стандарттарға сай камералық ұстаумен 20 жаңа мекеме салуды көздейді.
Заңнамалық сипаттағы шаралар да іске асырылуда. Сотталғандардың құқықтық жағдайын жақсарту мақсатында алдағы жылы адам құқықтары, қылмыстық сот төрелігі және қатыгез қарым-қатынастың алдын алу саласындағы нормалар қолданысқа енгізілетін болады. Заңнамалық түзетулер Үкіметтің 2021 жылғы 11 маусымдағы қаулысымен бекітілген Адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспарына сәйкес пысықталатын болады.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін теріс қылықтар мен онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін жазаны өтеуден босатуды, сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазаның өтелмеген мерзімін қысқартуды көздейтін «Рақымшылық жасау туралы» Заң жобасы әзірленді.
Азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасаған адамдарға рақымшылық жасау қолданылады, азаматтардың әлеуметтік осал санаттары – кәмелетке толмағандарға, әйелдерге, егде жастағы еркектерге, сондай-ақ 1 және 2-топтағы мүгедектерге ерекше назар аударылады.
– Біз Қазақстанның оң дамуын, оның ішінде түрме инфрақұрылымын жаңғырту бөлігінде де құптаймыз. Республиканың пенитенциарлық жүйесін жетілдіру халықаралық шарттық нормаларды имплементациялау тұрғысынан ұлттық заңнаманы цифрландыру және талдау жағдайларында жүріп жатыр. Біз заң үстемдігі мен адам құқықтары саласындағы үздік тәжірибемен бөлісуге дайынбыз. Биыл Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтуде, бұл айтарлықтай жетістіктерге сүйене отырып, біздің қарым-қатынастарымыз бен ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту жоспарларын белгілеуге жақсы мүмкіндік, – деп атап өтті ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Кестутис Янкаускас.