Уақытылы тазаланбаған жол Павлодар облысындағы ЖКО себептерінің бірі болды
Уақытылы тазаланбаған жол Павлодар облысындағы ЖКО себептерінің бірі болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Еске сала кетейік, 14 қарашада сағат 10.40 уақытында Павлодар – Успенка-РФ шекарасы автожолының 72 шақырымында ВАЗ-21074 және Volkswagen Passat автокөліктерінің жол-көлік оқиғасы орын алды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам оқиға орнында көз жұмды, тағы екеуі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. ЖКО фактісі бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
– Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеу барысында 14 қарашада жол пайдалану кәсіпорнының қызметкері автомобиль жолын күтіп ұстауға жауапты бола отырып, жолды уақытылы тазаламағандықтан, абайсызда екі адамның өліміне әкеп соққаны анықталды. Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 353-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.