Павлодарда есірткіге мас жүргізуші ұсталды
Павлодар полицейлері есірткіге мас жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
25 қарашада сағат 22.15 шамасында Павлодар қаласын патрульдеу кезінде патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Нұрмағамбетов көшесіндегі бағдаршамға тоқтағанда көрші қатарда тұрған ПАЗ-32053 автобусының жүргізушісінің күдікті мінез-құлқын байқайды. Салонда ешкім болмаса да, жүргізуші қолдарын ербеңдете бұлғап, өз бетімен күліп, айналасына жалтақтаумен болды. Полицейлер тексеру үшін бұл автобусты тоқтатты.
40 жастағы жүргізушімен сөйлескен кезде тәртіп сақшылары ер адамның жағдайы нашар екенін түсінді. Жүргізілген медициналық куәландыру оның есірткіге мас күйінде екенін растады.
Сондай-ақ, полиция қызметкерлері ер адамның қалалық ЖШС-нің бірінде жұмыс істейтінін анықтады.
Жүргізушінің айтуынша, ол ауырып, есірткіні ауырсынуды басатын құрал ретінде қабылдаған.
Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Көлік құралы арнайы айып тұрағына қойылды. Материал сотта қаралып, сот қаулысымен жүргізуші 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды, сондай-ақ 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
Айта кетейік, биыл мас күйінде көлік жүргізгені үшін 1310 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.