Абай облысы бойынша ҚАЖД мекемесіне Jas Tarlan таксофон карталары жүйесі енгізілді
Абай облысындағы қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесіне Jas Tarlan таксофон карталары жүйесі енгізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде сотталғандардың Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес туған-туыстары және жақындарымен байланысын қамтамасыз етуге арналған заманауи Jas Tarlan таксофон карталары жүйесі енгізілді.
Жаңа жүйе телефон байланысын пайдалану үдерісін едәуір жеңілдетті. Енді сотталғандардың туыстары таксофон картасының балансын қашықтан толықтыра алады, ал карта иелері электрондық сервис арқылы шоттағы қаражат қалдығын бақылап, жүргізілген операциялардың тарихын көре алады.
Jas Tarlan таксофон картасы – қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде телефон байланысын ұйымдастыруға арналған заманауи цифрлық құрал. Бұл сервис қаржылық операциялардың ашықтығын қамтамасыз етіп, қолма-қол ақша берудің қажеттілігін жояды және туыстарына мекемеге келмей-ақ карта шотын кез келген уақытта толықтыруға мүмкіндік береді.
– Заманауи цифрлық шешімдерді енгізу көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған. Сотталғандардың әлеуметтік пайдалы байланыстарын сақтауға қолайлы әрі ашық жағдай жасау – қылмыстық-атқару жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі. Қазіргі сервистерді пайдалану телефон арқылы байланыс жасау үдерісін сотталғандар үшін де, олардың туыстары үшін де анағұрлым ыңғайлы етеді, – деді мекеме бастығы Айдын Калелов.
Өз кезегінде сотталғандардың бірі өзі Алматы қаласының тумасы екенін, ал үйінде оны 76 жастағы анасы күтіп отырғанын айтты. Анасының жасы ұлғайып, арақашықтықтың алыс болуына байланысты ұзақ мерзімді кездесулерге жиі келе алмайтындықтан, телефон арқылы байланыс олардың отбасы үшін ерекше маңызды.
– Енді анам менің картамның балансын қашықтан толықтыра алады. Соның арқасында біз бұрынғыдан да жиі сөйлесетін болдық. Бұл біздің отбасымыз үшін өте қолайлы мүмкіндік, – деді сотталған.
Jas Tarlan жүйесінің енгізілуі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін цифрландыру бағытындағы кезекті маңызды қадам болды. Жаңа технология сотталғандардың жақындарымен әлеуметтік пайдалы байланыстарын сақтауға қолайлы, ашық әрі заманауи жағдай қалыптастырып, олардың қоғамға бейімделуі мен табысты қайта әлеуметтенуіне оң ықпал етеді.
