Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда есірткіге қарсы айлық аясында 100-ге жуық іс-шара өтті

Атырауда Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған республикалық есірткіге қарсы айлық өз мәресіне жетті. 26 мамыр мен 26 маусым аралығында өткен айлық аясында облыстық полиция департаментінің қызметкерлері өңір бойынша 100-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Айлықты қорытындылау мақсатында Сұлтан Бейбарыс алаңында "Мен өмірді таңдаймын!" ұранымен кең ауқымды акция ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру.

Акцияға мыңға жуық қала тұрғыны мен қонағы қатысып, салауатты өмір салтын дәріптеуге бағытталған іс-шараларға белсенді атсалысты. Фестиваль аясында спорттық жарыстар, танымдық байқаулар мен викториналар ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.

Іс-шараға полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері, спортшылар, қоғам белсенділері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Акция барысында тұрғындарға есірткінің адам денсаулығына, отбасы мен қоғамға тигізетін зияны, сондай-ақ есірткі құқық бұзушылықтары үшін заңнамада көзделген жауапкершілік туралы кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жастар салауатты өмір салтын ұстануға және зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру