Абай облысында абаттандыру қағидаларын бұзғандарға шара қолданылды
Абай облысында "Таза Қазақстан" акциясы аясында елді мекендердің санитариялық жағдайын жақсарту, қоғамдық тәртіпті сақтау және абаттандыру талаптарының орындалуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Акция аясында облыс аумағында абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылау мақсатында 2 659-дан астам рейдтік іс-шара өткізілді.
Рейд нәтижесінде елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзуға қатысты 10 821 құқық бұзушылық анықталды. Барлық факті бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Сонымен қатар құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мақсатында 77 ұсыным енгізілді.
Қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында бейнебақылау жүйесінің мүмкіндіктері де кеңінен қолданылуда. Қазіргі таңда Абай облысы Полиция департаментінің аумақтық бөлімшелерінің кезекші бөлімдеріне 15 942 бейнебақылау камерасы қосылған.
Бейнебақылау жүйесі құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға, олардың алдын алуға және қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
"Таза Қазақстан" акциясы аясындағы рейдтік және профилактикалық жұмыстардың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтарды анықтап, жауапкершілікке тартумен ғана шектелмей, тұрғындардың абаттандыру талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру, елді мекендердің тазалығы мен қоғамдық тәртібін қамтамасыз ету.
