Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында сотталғандарды жұмыспен қамту мүмкіндіктері кеңейтілуде

Абай облысында сотталғандарды жұмыспен қамту мүмкіндіктері кеңейтілуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы бойынша ҚАЖ орташа қауіпсіздік мекемесінде сотталғандарды жұмыспен қамту олардың әлеуметтік бейімделуінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Ресми түрде еңбек ету арқылы олар кәсіби дағдыларды меңгеріп, бостандыққа шығуға дайындалып қана қоймай, отбасы алдындағы міндеттемелерін орындауға да мүмкіндік алады.

Бүгінде мекемеде 15 жеке кәсіпкер мен 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік өндірістік қызмет жүргізуде. Аталған өндіріс орындарында 500-ге жуық сотталған еңбекпен қамтылған.

Қазіргі уақытта 20-ға жуық сотталғанның алимент төлеу бойынша міндеттемелері бар. Олардың жалпы берешегі шамамен 20 миллион теңгені құрайды. Оның ішінде оннан астамы ресми түрде жұмыспен қамтылған. Атқарушылық құжаттарға сәйкес олардың жалақысының бір бөлігі ай сайын балаларының күтіміне аударылып отырады.

Солардың бірі – алаяқтық жасағаны үшін сотталған, Абай облысының 49 жастағы тұрғыны. Ол бес баланың әкесі. Үлкен ұлы 20 жаста болса, кенжесі 10 жаста. Ажырасқаннан кейін ол ұзақ уақыт алимент төлемей, бірнеше жылдың ішінде қарызы 3,5 миллион теңгеден асқан.

– Ажырасқаннан кейін ұзақ уақыт алимент төлемедім. Сол кезде бұрынғы жұбайым жалғыз өзі қиындыққа шыдамай, қайта оралады деп ойладым. Бірақ бәрі керісінше болды. Мен бас бостандығымнан айырылдым, ал балаларым менің қолдауымсыз өсті. Осында көп нәрсені қайта ой елегінен өткіздім. Қазір мекеменің өндірістік цехында дәнекерлеуші болып жұмыс істеймін. Жалақымның бір бөлігі ай сайын балаларыма алимент ретінде аударылады. Өткен уақытты қайтара алмайтынымды түсінемін, бірақ ең болмаса әкелік борышымды орындағым келеді, – деді сотталған.

– Көптеген сотталған үшін еңбек – өткендегі қателіктерін түзетуге жасалған алғашқы қадам. Ресми жұмысқа орналасу арқылы олар балалары алдындағы міндеттемелерін орындауға мүмкіндік алады. Ай сайын алимент қаражаты отбасыларына аударылып, әкелік жауапкершілік бас бостандығынан айырылған жағдайда да тоқтамайтынын түсінеді. Сотталғандарды жұмыспен қамту олардың әлеуметтік бейімделуінің маңызды бағыты болып қала береді. Бұл олардың мамандық игеруіне, бостандыққа шығуға дайындалуына және ең бастысы, балалары алдындағы міндеттерін орындауына ықпал етеді, – деді сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Куанышбек Туканов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру