Абай облысының полиция департаменті тұрғындарға дропперлікке қатысты ескерту жасады
Абай облысының полиция департаменті тұрғындарға дропперлікке қатысты ескерту жасады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Банк картасын немесе шотын басқа адамның өтінішімен "уақытша пайдаланып тұруға" беру – жай ғана көмек емес. Мұндай әрекет азаматты қылмыстық схемаға қатысушыға айналдыруы мүмкін.
"Картаңды бере тұр, ақша түседі де, қайта жібересің", "ештеңе істемейсің, тек ақша аударымын қабылдайсың", "жеңіл жұмыс, күніне бірнеше мың теңге табасың", "картаңды жалға бер" деген сияқты ұсыныстарға сақтықпен қараған жөн.
Мұндай ұсыныстардың артында алаяқтық, заңсыз ақша айналымы немесе басқа да қылмыстық әрекеттер тұруы ықтимал.
Дроппер – өзіне тиесілі банк картасын, шотын, электронды әмиянын немесе банк қосымшасына қатысты деректерді басқа адамдардың ақша аударымдарын қабылдау және кейін әрі қарай аудару үшін пайдалануға беретін адам.
Кей жағдайда азамат өзінің заңсыз әрекетке араласқанын білмеуі мүмкін. Алайда "ақшаның қайдан келгенін білмедім" деген уәж жауапкершіліктен толық босатпауы ықтимал.
Әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және түрлі чаттарда "карта иелері қажет", "жеңіл жұмыс", "үйден шықпай табыс тап", "ақша қабылдап, комиссия ал", "картаңды жалға бер" деген мазмұндағы хабарландырулар кездеседі.
Полиция азаматтарды мұндай "оңай табыс" ұсыныстарына сенбеуге шақырады. Себебі аз ғана пайда үшін банк шотын немесе картасын бөгде адамдарға беру ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін.
Банк картасы – азаматтың атына тіркелген қаржылық құрал. Сондықтан оны басқа адамның пайдалануына беру арқылы өзіңізді қаржылық және құқықтық тәуекелге ұшыратасыз.
Банк деректерін ешкімге бермеңіз!
Банк картасының нөмірін, SMS арқылы келген растау кодтарын, интернет-банкингке кіру деректерін, PIN-кодты, құпия сөздерді және басқа да банк мәліметтерін бөгде адамдарға беруге болмайды. Сондай-ақ банк қосымшасына кіру мүмкіндігін басқа адамға ұсынбаңыз.
Егер біреу картаңызды немесе банк шотыңызды пайдалануды сұраса, мұндай ұсыныстан бірден бас тартыңыз.
Полиция тұрғындарды өздерін ғана емес, жақындарын да дропперлік схемалардан сақтандыруға шақырады. Әсіресе жастарға ұсынылатын "жоғары табыс әкелетін жеңіл жұмыс" туралы хабарландыруларға мұқият болған жөн. Қылмыстық топтар адамның қаржылық сауаттылығының төмендігін немесе ақшаға деген қажеттілігін пайдаланып, оны заңсыз схемаға тартуы мүмкін.
Есте сақтаңыз: оңай ақшаға қызыққан адам қылмыстық схеманың құрбаны ғана емес, оның қатысушысына да айналуы мүмкін.
