Алаяқ әйел Бурабайдың қонақ үйлерінде орын брондау қызметін ұсынған
Алаяқ әйел Бурабайдың қонақ үйлерінде орын брондау қызметін ұсынған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 қаңтарда Бурабай ауданының полиция бөлімінің кезекші бөліміне Қарағанды облысының тұрғыны жүгініп, алаяқтық туралы хабарлады. Өткен жылдың желтоқсан айында белгісіз біреу Instagram әлеуметтік желісінде Бурабай кентінің танымал курорттық демалыс базасының жалған парақшасын жасап, қонақ үйде орындарды брондау бойынша қызметтерді ұсынғаны анықталды.
Осылайша қаскүнем алдау жолымен жәбірленушінің 200 мың теңгесін иемденген. Ер адам ақшаны алаяқтың шотына екінші деңгейлі банктің мобильді қосымшасы арқылы аударған. Жәбірленуші 31 желтоқсанда Бурабай қонақ үйіне келгенде ғана жалған есептік жазбаны пайдаланған белгісіз адаммен келіссөздер жүргізгенін білді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері Бурабай кентінің 21 жастағы тұрғынын анықтады.
Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды.