Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алаяқ айласын асырмасын

Бүгінгі қоғамның дерті – интернеттегі алаяқтық. Бұлай дейтінімізге негіз де бар. Министрліктің мәліметінше, 2020 жылы елімізде 14 мың алаяқтық жасалған, ал өткен жылы осы сан 20 мыңнан асқан. Ақпараттық технологияның заманы билеп тұрған уақытта, әрине, оны пайдаланбай өмір сүру мүмкін емес. Алайда интернетті қолданбау мүмкін емес деп алаяққа жем бола береміз бе? Немесе алаяқтар өзгенің ақшасына қалай оп-оңай қол жеткізеді? Алаяқтардың құйтырқы әрекетіне қайтсек тоқтау қоя аламыз? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов жауап береді, – деп хабарлайды Polisia.kz тілшісі.

Қанат Базарбайұлы, интернет-алаяқтардың құрбандары күн өткен сайын көбеюде. Бұл бейжай қарайтын дүние емес. Жалпы, интернет-алаяқтық дегеніміз не?

Интернет-алаяқтық деп ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемденуді айтамыз. Бұл жерде қылмыскер ақпараттық жүйлерді, яғни компьютер, смартфон, планшет секілді құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап-арбап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді әрекеттерге барады.

Алаяқтар не себепті интернет желісін таңдайды? Бұл немен байланысты? Олар үшін интернеттен қандай пайда бар?

Интернет желісін пайдаланатын алаяқтар дәстүрлі алдау қағидаларын ұстанғанымен, олардың көбісі трансшекаралық сипатқа ие, яғни қаскүнемдер басқа аймақта, кейде басқа елде жүрген азаматтарға қатысты қылмыс жасайды. Сондай-ақ, интернет-алаяқтар негізінен жалған құжаттарды пайдаланып, үшінші тұлғалардың атынан жиі әрекет етеді. Елімізде көп кездесіп жүрген интернет-алаяқтық түрлеріне: интернеттегі сауда саттық, банк немесе полиция қызметкерлері ретінде азаматтарға қоңырау шалып әртүрлі алдау тәсілдерімен жеке деректерді алу, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге фишингтік сілтемелерді жолдау арқылы ақпараттарға қол жеткізу және тағы басқа осыған ұқсас тәсілдер арқылы жасалатын қылмыстар жатады.

Қылмыскерлер өз құрбандарының жеке деректерін қалай алады? Оны алу жолының қандай схемалары бар?

Қылмыскерлер азаматтардың жеке деректерін алу үшін әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданады, солардың кейбір түрлеріне тоқталайық: мәліметтерді алудың кең тараған түрі азаматтарға әлеуметтік желілер, мессенджерлер, электрондық пошта арқылы фишингтік сілтемелерді жіберіп, ондағы сұрақтарға жауап беруді сұрайды. Сонымен қатар, азаматтарға әртүрлі ұтыс ойындарының жеңімпазы болдыңыз, интернет желісі арқылы заттарды курьер арқылы жолдаймыз және осы сияқты сылтауларды айта отырып азаматтардың жеке мәліметтеріне қол жеткізеді.

Қанат Базарбайұлы, көбіне интернеттегі алаяқтықтың құрбандары кімдер? Қай жастағылар қылмыскердің торына көп түседі? Жалпы, ІІМ осы тұрғыда арнайы статистика жүргізе ме?

Ішкі істер министрлігі бұл бағытта арнайы статистика жүргізбейді. Алайда, тіркелген қылмыстық істер бойынша өзіміз аналитикалық тексеру жүргізу барысында алаяқтардың құрбандары орта білімді немесе жоғары білімді болып бөлінбейтінін байқадық. Негізінен 30 жастан 60 жасқа дейінгі адамдар көп алданып жатады және алданғандардың шамамен 60 пайызын әйелдер құрайды.

Қазір алаяқтар интернет арқылы белсенді “жұмыс істеуде”. Олар өздерінің  арам ойларын іске асыру үшін қандай қазақстандық немесе әлемдік сайттарды я болмаса қосымшаларды пайдаланады? ІІМ-де осы алаңдардың басшыларымен қандай да бір уағдаластықтар бар ма? Егер болса, онда қандай?

Соңғы уақытта интернет-алаяқтықтың интернет сауда алаңдарында, яғни Olx.kz, Kolesa.kz, Krisha.kz, Satu.kz сынды сайттарда, сондай-ақ әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде орналастырылған хабарландырулар бойынша тауар немесе қызмет үшін ішінара немесе толық алдын ала төлем алу фактілері кеңінен таралған тәсіл. Мұндай қылмыстарға интернет арқылы тапсырыс берілген тауарды жеткізбеу (немесе тауардың мәлімделген сипаттамаларға сәйкес келмеуі) немесе қандай да бір қызметтерді орындамау (пәтерді жалдау, жөндеу жұмыстарын жүргізу, кредит алуға көмектесу, автобөлшектерді сатып алу-сату және т.б.) жатады.

Сонымен қатар, ІІМ қызметкері осы қылмыстың алдын алу, болдырмау мақсатында жасалып жатқан профилактикалық жұмыстар жайлы айтып берді.

Осы орайда айта кететіні, Ішкі істер министрлігінің бастамасымен профилактикалық сипаттағы жұмыстар кең жүргізілуде, мәселен елімізде кең тараған сауда платформаларының сайттарында азаматтарды алаяқтардан сақтану туралы ескертулер орналастырылды. Интернет-сауданың дамуына байланысты жарнама сайттарының (Kolesa.kz, Krisha.kz, Market) басшылығымен жалған хабарландырулар орналастыратын пайдаланушылар туралы ақпарат алмасу, сондай-ақ азаматтардың алаяқтық схемалары туралы ақпараттандыру мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасасу жолға қойылды.

Қылмыстың бұл түрін ашу қаншалықты қиын? Егер алаяқтар шетелдік шоттарға ақша аударса, қылмыс қалай ашылады? Жалпы, интернет-алаяқтықты ашуға арналған қандайда бір нұсқаулық бар ма?

Жаңа айтып өткенімдей, алаяқтар интернет желісін пайдаланатындықтан, трансұлттық қылмыстар санатына кіреді. Яғни, жәбірленуші елімізде, ал қылмыскер басқа елде. Осы тұрғыда қылмысты ашуға біршама уақытты талап етеді. Мәселен, өзге мемлекеттердің аумағында ақшалай қаражаттардың аударымы мен шешіп алу фактілері анықталса, онда қылмыстық заңнамаға және халықаралық келісімшарттарға сәйкес, тергеу органдары шетел мемлекетерінің құзыретті органдарына қылмыскерді анықтау және қажетті мәліметтерді (банктік есеп-шоттардың, абоненнтік нөмерлердің, ІР-мекенжайлардың тиесілігі және т.б.) алу, оның ішінде ақшалай қаражаттарды қайтару үшін тапсырмалар жолдайды. Әрине, заман талабына сай, қылмысқа қарсы күрес тактикалары мен тәсілдері де өзгеріп, жаңарып отырады. Ақпараттық жүйлерді пайдаланушыларға қатысты жасалған қылмыстарды (ұрлық, алаяқтық, заңсыз ақпараттар тарату және т.б.) ашу алгоритмі жолға қойылған, сонымен қатар оларды анықтауға, ашуға және тергеуге арналған бірнеше әдістемелік нұсқаулар әзірленді және тәжірибелік қызметте қолдану үшін аумақтық полиция департаменттеріне жолданды.

Ұрланған ақшаны қайтаруға бола ма? Егер ақшаны қайтарып алуға мүмкіндік болса, ол процесс қалай жүреді? Қанша уақыт ішінде ақша қайтарылады?

Әрине, жәбірленушіге келтірілген залалды өндіріп беру қолданыстағы қылмыстық заңнамада қарастырылған және ол екі тараптың татуласуымен, сондай-ақ, сот өкімімен жүзеге асырылады. 

Қанат Нұрмағамбетов интернет-алаяқтың құрбаны болған жағдайда не істеу керектігін де айтып берді.

Алдымен өзінің банк Cаll-орталықтарына хабарласып есеп-шоттарын тез арада бұғаттағаны жөн. Сонан соң, алаяқтарға алданған азамат тұрғылықты жері бойынша орналасқан полиция бөліміне арыздануы не «102» телефоны бойынша хабарласуы қажет. Арызға қоса қылмыстық құқық бұзушылық туралы мәліметтердің анықталғанын растайтын қолдарындағы құжаттарды, яғни, төлем жасалған чектерді, хат алмасуларды, интернет-ресурстардың скриншоттарын (экран бетінің көшірмелері) және өзге де айғақ болатын матариалдарды ұсынғаны дұрыс.

Өзімізді және жақындарымызды интернет-алаяқтардан қалай қорғай аламыз? ІІМ қызметкері айтқан білуіміз тиіс ақпараттарға назар салыңыз!

Азаматтар өздерінің жеке деректерін, пластикалық карталардың реквизиттарын ешкімге хабарламауы қажет;

Егер банк карточкаңыздың бұғатталғаны туралы телефоныңызға қоңырау шалса немесе SMS-хабарлама жіберілсе онымен байланысқа түспестен бұрын, өзіңіздің банк бөлімшеңізге барыңыз немесе оның ресми Cаll-орталығына қоңырау шалыңыз;

Интернет арқылы сауда-саттық жасағанда бағасы тым арзан заттарды (автокөлік, пәтер, ұялы телефон т.б.) алуға қызықпаңыз және ол үшін алдын ала ақшалай қаражатты жіберуге асықпаңыз. Бағалы заттарды ұтып алғаныңыз туралы хабарлама (автокөлік, пәтер, ұялы телефон және т.б.) алған жағадайда, өзіңізге таныс емес адамдардың есеп-шоттарына ешуақытта ақша аудармаңыз. Сатушымен тауарды алғаннан соң ғана төлем жасау туралы келісуге тырысыңыз;

Электрондық поштаңызға, әлеуметтік желідегі аккаунтарыңызға және телефоныңызға келіп түскен белгісіз интернет-ресурстарға сілтеме арқылы кірмеңіз және онда көрсетілген сұрақтарға жауап бермеңіз;

Белгісіз және тексерілмеген сайттар мен басқа да дереккөздерге жеке деректерді енгізбеу қажет. Сізге төлем жасау үшін жіберілген сілтемелерді немесе белгісіз байланыстардан жолданған СПАМ-жіберілімдерді ашпаңыз. Көбінесе алаяқтар төлем жасау үшін фишингтік сілтемелерге өтуді ұсынады;

Банкинг қызметтеріне қол жеткізу үшін құпия кодтарды үнемі өзгертіп отырыңыз, 3D-қорғауды және банктер ұсынатын басқа да қауіпсіздік шараларын қолданыңыз;

Есеп-шоттағы ақша қозғалысын жиі тексеру қажет. Мұндай шаралар алаяқтықтан аулақ болуға және өз ақшаларын сақтап қалуға көмектеседі;

Интернет желісі арқылы ұшақ, темір жол билеттерін сатып алу барысында тек тексерілген белгілі ресми сайттарды ғана қолданғаныңыз дұрыс;

Жеке сипаттағы мәліметтерді (ЖСН,  ұялы телефон нөмірі, банк реквизиттары, геомәліметтері бар фотоларды және т.б.) ашық көздер (әлеуметтік желілер мен мәссенджерлер) бойынша беруге және жариялауға болмайды.

Сондай-ақ, Қанат Нұрмағамбетов аталмыш қылмыстың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан шаралар жайлы да тілге тиек етті.

Министрлік осындай қылмыстарды ашу және тергеу бойынша міндеттерді тиімді шешу үшін тұрақты негізде ұйымдастырушылық-практикалық шаралар қабылдауда. Интернет-алаяқтықтың өсуін ескере отырып, қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында былтырдан бері ақпараттандыру және байланыс саласындағы, сондай-ақ ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын қылмыстық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2021-2022 жылдарға арналған ведомстволық бағдарлама әзірленді.

ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Базарбайұлының айтуынша, бағдарлама ұйымдастырушылық-практикалық және профилактикалық сипаттағы іс-шараларды, оның ішінде мемлекеттік органдармен, банк мекемелерімен, байланыс операторларымен, сауда интернет-алаңдарымен және т.б. өзара іс-қимылды қамтиды. Яғни, бұл бағдарламаның мақсаты – ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын қылмыстарды ескерту, жолын кесу, анықтау және тергеу бойынша қабылданатын шаралардың нәтижелілігін арттыру, ақпараттық технологияларды пайдаланумен байланысты қылмыстылық деңгейін төмендету.

Нәтижесі қандай?

Тоқсан сайын республика аумағында жедел-профилактикалықіс-шаралар, оның ішінде киберқылмыстардың алдын алуға және оларды ашуға бағытталған Anti-fraud, Hi-tech жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Соңғы 25-27 сәуірде өткізілген Anti-fraud ЖПІШ барысында полиция қызметкерлері 93 интернет-алаяқтықты ізін суытпай ашты, сондай-ақ осыіс-шара барысында пайдаланушыларға қатысты бұрын жасалған алаяқтықтың 243 фактісі ашылды. Қазіргі уақытта Қазақстан жедел ақпаратпен өзара алмасуды, бірыңғай деректер базасын қалыптастыруды, іс-шаралар өткізу туралы сұрау салуларды, қылмыстық істер бойынша бірлескен жедел іс-шаралар өткізуді орындауды, сондай-ақ тәжірибе және нормативтік база алмасуды регламенттейтін қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша бірқатар халықаралық шарттар мен келісімдердің қатысушысы болып табылады. Сақтық шаралары мен дербес деректерді сақтау, сондай-ақ қылмыстың жаңа түрлері (онлайн-қызметтер, сату, инвестициялық жобаларға қатысу және т.б.) мәселелері бойынша ведомстволық интернет-ресурстарда және БАҚ-та белсенді профилактикалық жұмыс жүргізіледі.

Пандемия кезінде алаяқтық саны күрт өсті. Қазіргі жағдай қандай?   

Иа, елімізде орын алған төтенше жағдай тәртібі және аймақтарда карантиннің енгізілуіне байланысты кәсіпорындар мен әртүрлі сауда нысандарының жұмысы шектелді. Халықтың басым бөлігі өзін-өзі оқшаулау тәртібіне көшуі, алаяқтардың өз әрекеттерін жандандыруға әсер етті. Ақпараттық технологиялар мен цифрлық сервистің дамуы жағдайында, әсіресе пандемия кезеңінде, барлық жергілікті жерлерде киберқылмыстардың, оның ішінде интернет-алаяқтықтың өршуі байқалды. Егер 2017 жылы 2 мың интернет-алаяқтық тіркелген болса, өткен жылдың қорытындысы бойынша 21 мыңнан астам алаяқтық тіркелген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ағымдағы жылғы 5 айда қорытындысы бойынша интернет-алаяқтықты тіркеу 20%-ға, 10 мыңнан 8 мыңға дейін төмендеді.

Қ. Нұрмағамбетовтың интернет-алаяқтықтың танымал түрлерінің біріне тоқталды.

Соңғы уақытта азаматтардың полицияға алдын ала қоңырау шалып, алаяқтық жағдайлар туралы абоненттік нөмірлер мен алаяқтық схемалар бойынша ақпарат бере отырып хабарласатыны қуантады. Осы сәтті пайдаланып, алаяқтықтың танымал түрлерінің біріне тоқталғым келеді, мұнда қаскүнемдер банк өкілдері немесе құқық қорғау органдары қызметкерлері ретінде қоңырау шалады және банк картасынан рұқсатсыз аударымдар туралы яки банктердің жауапсыз қызметкерлерін әшкерелеу бойынша арнайы операция жүргізу туралы хабарлайды. Осындай фактілерді тексеру барысында алаяқтардың нұсқауы бойынша кейбір азаматтар үшінші тұлғаларға банк карталарын рәсімдеумен, сондай-ақ қылмыстық жолмен табылған ақшалай қаражаттарды қолма-қол ақшаға айналдырумен және басқа шетелдік шоттарға аударумен айналысатыны анықталады.

Осы бойынша мысалдар келтірсеңіз.

Мәселен, осы жылғы наурыз айында Шымкент қаласында азаматтарға ақша беріп банктік карталарды ашқызып, оларға ұрланған ақшаларды аударып, шешіп алып отырған қылмыстық топ анықталып, ұсталды. Өткен аптада Қарағанды облысы Полиция департаменті ұрланған ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан Қарағанды қаласының екі тұрғынын ұстады, қаражаттың бір бөлігі халықаралық аударым жүйелері арқылы серіктестеріне аударылып отырған. Осыған ұқсас қылмыстар Алматы қаласында да ашылды. Ұсталғандардың барлығы тұтқындалып, қамауға алынды, тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Осыған байланысты қылмыстық схемаларға қатысқаны және заңсыз қаржы аударымдарын жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескерткім келеді.

Біреудің ақшасына қол сұққан алаяқтарға қандай жаза қарастырылған? Егер бұл алаяқтықты қылмыстық топ жасаса қандай жаза қолданылады?

2019 жылы Қылмыстық заңнамаға бірнеше рет жасалған алаяқтық бойынша өзгерістер енгізілді, енді қайталап жасалған алаяқтық үшін мүлкi тәркiленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Сонымен қатар, Қылмыстық кодекс нормаларына сәйкес, мөлшеріне байланысты және қылмыстық топ жасаса бұндай қылмыстар үшін мүлкi тәркiленiп, 4 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салудан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Жалпы, алаяқтықтың бұл түрі технологияның дамуына байланысты бейімделетіні және өзгеретіні анық қой. Осы тұрғыда өз бөлімшеңіздегі жұмыс барысымен және жаңашылдықтарымен бөліссеңіз.

Киберқылмыстардың ерекшелігі мен артып келе жатқан жүктемені ескере отырып, киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі бөліністерді нығайту, оның ішінде қызметкерлердің штаттық санын арттыру және жасақтау жөніндегі жұмыстар жүргізіліп келеді. Өткен жылы киберқылмыспен күрес бөліністері үшін бюджеттен 400 млн. теңге ақша бөлініп, оларға заманауи компьютерлік жабдықтар және мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етулер сатып алынды. Ведомстволық оқу орындарының базасында киберқылмысқа қарсы күрес бөлімністерінің қызметкерлері үшін, оның ішінде IT-мамандарды шақыра отырып, біліктілікті арттыру курстарын өткізу дәстүрге айналды. Интернет-алаяқтықтар туралы қылмыстық істерді тергеудің тактикасы мен әдістемесіне оқыту жөніндегі оқу бағдарламалары әзірленді. Аумақтық Полиция департаменттерінде интернет-алаяқтықты ашу және тергеу бойынша мамандандырылған тергеу-жедел топтары құрылды. Аталған топтармен тұрақты негізде олардың жасалу тәсілдері, пайдаланған құралдары бойынша талдау жүргізіледі. ІІМ-нің бастамасымен, былтырғы жылы азаматтардың микроқаржылық ұйымдарда онлайн-несие рәсімдеу процедурасы қатаңдатылды. Яғни, онда азаматтар тек биометриялық сәйкестендіру және электрондық-цифрлық қолтаңба сияқты процедуралар арқылы несие рәсімдей алады. Сонымен қатар, интернет-алаяқтыққа қарсы күрес саласында алда тұрған орындалуы тиіс бірнеше мәселелер бар, олардың іске асырылуы мен нәтижесі бойынша кейінірек хабарлайтын боламыз.

Иә, БАҚ да, полиция да, банк қызметкерлері де халыққа алаяқтың арбауына түспеуді тоқтаусыз ескертуде. Алайда алаяқтар сенгіш халыққа өз айлаларын оп-оңай асыруды жалғастырып келеді. Сондықтан полиция қызметкерлері халықты ескертулерге назар аударуға шақырады. Алаяқ айласын асырмасын.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру