Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алаяқтардың саны артуда

Қостанай облысында алаяқтықтың кең тараған түрі-онлайн несие ресімдеу, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2020 жылы өңірде интернет-алаяқтықтың 798 фактісі тіркелген. Полицейлердің айтуынша, бұл қылмыстың ең көп таралған түрі – онлайн несие алу. Бұл жағдайда алаяқтар азаматтардың жеке деректеріне алаяқтық жолмен қол жеткізеді немесе онлайн-қарыздарды ресімдеу үшін жоғалған құжаттарды пайдаланады. Өткен жылы мұндай алаяқтықтың 200-ден астам дерегі тіркелген.

Қостанай облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Олжас Мағыпаров алаяқтықтың тағы бір кең тараған тәсілі – адамдардың жалған тауарларды сатып алу және сату үшін алдын ала төлемді банктік шотқа немесе виртуалды QIWI әмиянға аударуы екенін атап өтті.

– Пандемия кезінде адамдар электронды әмияндарды, “интернет-банкингті” жиі қолдана бастады. Осыған байланысты алаяқтар түрлі жаңа схемаларды ойлап табуда, – деп қосты полиция қызметкері.

Өткен жылы онлайн несие берудің 209 дерегі, сондай-ақ жоқ тауарларды сатып алу және сатудың 191 дерегі тіркелген.

Олжас Мағыпаров алаяқтардың құрбаны болмаудың бірнеше жолын айтты.

– Банк карточкаларының екі бетінің суретін бейтаныс адамдарға жібермеу;

– Абоненттік нөмірге келіп түскен смс-кодты үшінші тұлғаға бермеу;

–  Тауарды кімнің сататынына көз жеткізбей, тауар үшін кепілзат қоймау, алдын ала ақша аудармау;

– Жеке құжаттарды кепілге тастамау, себебі алаяқтар жеке деректерді пайдаланып, несие ресімдей алады;

– Бейтаныс адамдардың QIWI әмиянына ақша аудармау.

Егер сіз осындай құқық бұзушылықтың құрбаны болсаңыз, тұрғылықты жеріңіз бойынша полицияға жүгіне аласыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру