Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алаяқтықпен айналысқан екі отбасы Шымкентте ұсталды

Алаяқтықпен айналысқан алматылық ерлі-зайыптылар Шымкентте ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Соңғы үш тәулік ішінде Абай АПБ-на “102” арнасы арқылы төрт жеке кәсіпкер арызданды. Олар өз шағымында азық-түлік дүкенінен 25-30 жас шамасындағы бейтаныс адамдар қомақты сомаға сауда жасап, ақысына банк қосымшасы арқылы жалған чек көрсетіп, оқиға орнынан бой тасалағанын жеткізді. Жәбірленушілер төленген ақшаның есепшотқа түспегенін білген соң полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген.

Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алып, іздестіру жұмыстарына кірісті. Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктілерді қала аумағындағы дүкендердің бірінен кезекті қылмыс үстінде құрықтады. Олар төртеу: екеуі ер адам, екеуі әйел. Барлығы Алматы қаласының тұрғындары. Күдіктілердің бірі бұрын есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың ерлі-зайыптылар екені белгілі болды.

Тергеу барысында жас отбасылардың бірдей схема бойынша әрекет еткені анықталды. Күдіктілер дүкенге кіріп, азық-түлік себетін жинайды, содан кейін төлем кезінде олардың екеуі қызметкерлердің назарын аударады, ал үшіншісі сатушыға жалған чек көрсетіп, төртіншісі басқарған көлікпен оқиға орнынан кетіп қалған.

Сондай-ақ Абай ауданының төрт тұрғыны және Еңбекші ауданының бір тұрғыны алаяқтардың құрбаны болғаны анықталды.

Күдіктілер қамауға алынды. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Полицейлер зардап шеккен адамдардың саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды және осы қылмыстық топқа алданған басқа да азаматтар болса тез арада арыздануды сұрайды..

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру