Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында ішкі істер органдарында қызмет еткен Ұлы Отан соғысының көзі тірі жалғыз ардагері ұлықталды

Алматы облысы ішкі істер органдарының Ұлы Отан соғысына қатысқан жалғыз ардагері Сембек Қожахметов 95 жасқа толды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жеңісті жақындатқан жерлестеріміз аман-есен елге оралған соң, кейбірі ішкі істер органдарына қызметке кіріп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге атсалысқан. Соғыста темірдей тәртіп көрген, тамырында батырлардың қаны бар жерлестеріміз соғыс жылдарынан кейін ел игілігінің еселеніп, қалпына келуіне сүбелі үлестерін қосты.

Өмір мен өлімнің арпалысынан аман келіп, барлық күш-жігерін құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге арнаған Сембек Қожахметов  атамыз 95 жасқа толды. Көнекөз қария – жазиралы Жаркент өңірінің ғана емес, Алматы облысының мақтанышы, сұрапыл соғысты көрген Алматы облысындағы ішкі істер органдарының көзі тірі жалғыз ардагері.

Сембек Қожахметов  1925 жылғы 25 қазанда дүниеге келген. 1942 жылы мектеп қабырғасында жүрген 17 жастағы бозбала Кеңес армиясы қатарына алынған. Ворошилов қаласындағы кіші командирлер курсын бітірген соң, Сталинград майданына шайқасқа қатысып, одан әрі Ленинград қаласын қорғауға атсалысқан.

Содан соң 1945 жылға дейін фашистік басқыншыларға қарсы соғысып, 1945 жылы фашистік Германия тізе бүккен соң, Қиыр-Шығыс майданына жапон милитаристеріне қарсы шайқасқа аттанған. Ұрыс кезінде бірнеше жарақат алған. Шайқаста батырлық пен ерлік көрсеткені үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, “Берлинді алғаны үшін”, “1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін” және басқа да медальдармен марапатталған.

Ол әскерден еліне 1951 жылы оралған. 1951-1976 жылдар аралығында ішкі істер органдарында түрлі қызметтер атқарған. Ішкі істер органдарының қатарындағы қызметі үшін “Ел игілігіне қосқан еселі еңбегі үшін”, “Ішкі істер органдарындағы мүлтіксіз қызметі үшін” 1, 2, 3, дәрежелі медальдарымен , “Құқық тәртібін қорғаудағы үздік қызметі үшін”, “Еңбек ардагері” медальдарымен қатар, көптеген құрмет грамоталарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталған.

– Алматы облысының ПД басшылығы, жеке құрамы мен ардагерлер кеңесі  Сембек Қожахметов ақсақалды туған күнімен құттықтайды. Біз жеңіс үшін соғыста жанын тәуекелге тіккен ардагерді құрмет тұтамыз! Оның отбасына амандық, береке мен бақыт тілейміз! Сембек қарияның жыр алабы Жамбылдың жасына жетуіне тілекшіміз, – деді Алматы облысы Полиция департаменті және Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Қожақов.

 

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру