Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысының бас полицейі жас кадеттермен кездесті

Алматы облысының бас полицейі жас кадеттермен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіруде әскери-патриоттық тәрбие беру ісінің маңызы зор. Тәуелсіз еліміздің болашағын сеніп тапсырар жас ұрпақты ел мен жерге деген сүйіспеншілікке баулу мақсатында осыдан біраз уақыт бұрын жалпы білім беретін орта мектептерде кадет сыныптары ашылған болатын.


Алматы облысы Іле ауданының орталығы Өтеген батыр кентінде ашылған кадет сыныптары еліміздегі алғашқы сыныптардың бірі.


Бүгін Алматы облыстық Полиция департаментінің бастығы А. Заппаров және М. Есболатов атындағы Алматы академиясының бастығы А. Сайтбеков Өтеген батыр кентіндегі №38 мектеп гимназиясының кадет сыныптарында оқып жатқан оқушылардың тұрмыс-тіршілігімен және оқу процесімен танысып, кездесу өткізді.

– Жаңа Қазақстанның жаңа буыны сіздерсіздер! Сондықтан жас буынға жүктелер жауапкершіліктің жүгі ауыр. Мұндай абыройлы істі сіздер Отанға деген сүйіспеншілік сезімінің арқасында жүзеге асыра аласыздар. Бәріміз де өздеріңіз секілді ауылдан шықтық. Осы ауылдың өзінде сіздерге үлгі болатын аға ұрпақ өкілдері баршылық. “Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” дегендей сіздерге ұлағатты тәрбие беріп жүрген ұстаздарға деген алғысым шексіз. Мен бүгінгі кадеттердің ертең ел намысын қорғайтын батыл да адал азамат болатынына сенемін, – деді кадетшілер алдында сөз сөйлеген А. Заппаров.


Алматы академиясының бастығы А. Сайтбеков Іле ауданындағы кадет сыныптарының өнегелі істерін өңірлерге таратудың маңызы зор екеніне тоқталып, кадет сыныптарының оқушылары болашақта Алматы академиясында білімдерін жалғастырып, еліміздің ішкі істер органдарының білікті мамандары болатынына сенім білдірді.

Кездесу барысында жас кадетшілер де қаруды бөлшектеу мен қайта жинаудағы шеберліктерін көрсетіп, кадет сыныбында алған білімдерінің нәтижесін көрсетті. Қонақтар да болашақ сарбаздардың қаруды меңгеру шеберліктеріне сүйсініп, алғыстарын білдірді.


Кездесу соңында Алматы облыстық Полиция департаменті, Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы және Іле аудандық Білім басқармасының арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру