Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысының полицейлері құжатсыз азаматтарды анықтау бойынша акция 5 мамырға дейін ұзартылғанын хабарлады

Алматы облысы ПД көші-қон қызметі аталған акция басталғалы бері 333 адамды құжаттандырған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Олар қандай-да бір себептермен 1974 жылғы үлгідегі ескі КСРО паспорттарын уақытында ауыстырмай, ұзақ уақыт құжаттарсыз өмір сүріп келген.

– Бірінші кезекте, жеке құжаттардың болмауы мемлекеттік қызметтерді, әлеуметтік төлемдерді, жәрдемақыларды, кепілдендірілген медициналық көмекті ала алмаған қарапайым азаматтың өзі үшін елеулі қолайсыздық туғызады. Соның салдарынан олардың балалары да дәл осындай проблемаларға тап болады. Осыған байланысты, өткен жылдың 23 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасының аумағында жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұратын адамдардың құқықтық мәртебесін айқындау жөніндегі акцияның басталғаны туралы жарияланған болатын. Біздің бөлімшелеріміздің қызметкерлері 300-ден астам азаматқа жаппай құқықтық көмек көрсетті және олар құжаттандырылды, – дейді Алматы облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Елмұрат Нұрсейітов.

Оның айтуынша, акция барысында “азаматтығы жоқ адамдар” мәртебесіне ие 115 адам өз құжаттарына қол жеткізген.

– Әрбір осындай деректің артында – адам тағдыры тұр. Азаматтардың кейбірі кездейсоқ жағдайларға байланысты біздің еліміздің азаматының құжаттарын уақытында ала алмады, ал екіншісі бұл мәселені басқа біреу жасауы керек деп қателесіп, проблеманы елемеді, ал енді бірі сауатсыздықтың салдарынан ескі төлқұжатпен өмір сүрді. Сондықтан бұл акция, бірінші кезекте, әрбір деректі егжей-тегжейлі және объективті зерделеуге және уақтылы көмек көрсетуге бағытталған. Айта кету керек, бұл акция мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектордың белсенді қатысуымен өткізілуде, – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру