Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы полицейлері интернет-алаяқтыққа қатысы бар күдіктілерді анықтады

Алматы полицейлері интернет-алаяқтыққа қатысы бар күдіктілерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласы Наурызбай ауданының тұрғыны алаяқтардың құрбаны болды. Жақында ер адамға бейтаныс адам қоңырау соққан. Ол адамның сөзіне сенген тұрғын банктен 7 млн теңгеден астам қарыз алған.

– Қоңырау шалған азамат өзін екінші деңгейлі банктердің бірінің қауіпсіздік қызметкерімін деп таныстырып, белгісіз біреулер оның атына несие рәсімдемек болып жатқанын айтты. Әңгімелесуші жәбірленушіні оған көмектесетініне бірден сендірді, бірақ оның нұсқауларын бұлжытпай орындауды талап етті. Алдымен “банк қызметкерінің” талабы бойынша жәбірленуші телефонына күмәнді қосымшаны жүктеп алған, бұл қаскөйлерге оның мобильді банкингіне қашықтықтан қол жеткізуге мүмкіндік берді. Одан әрі әңгімелесушінің кеңесімен телефонына екінші деңгейлі тағы үш банктің қосымшасын жүктеп алған. Осылайша, қаскөйлер жәбірленушінің атына 7,2 млн теңге көлемінде несие рәсімдеген, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.

Спикердің айтуынша, бұл қылмысты ашу үшін қалалық криминалдық полиция және Наурызбай аудандық ПБ-ның қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды.

– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында алаяқтық жолмен алынған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру міндетін орындаған 29 және 34 жастағы екі азамат ұсталды және қамауға алынды. Қазіргі уақытта алаяқтықтың басқа қатысушыларын ұстауға бағытталған кешенді шаралар жүргізіліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі бойынша жүргізіліп жатыр, – деді Аханов.

Қазақстан Республикасы ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру