Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы полициясында Рүстем Қайдаровты еске алу кеші өтті

Алматы полициясында Рүстем Қайдаровты еске алу кеші өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ол дәстүрлі “Ерлік сабағы” аясында өтті. Шараға Рүстем Қайдаровтың жұбайы, Алматы қалалық полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы қатысты.

– Рүстем Есімханұлы қазақ полициясының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып, жанқиярлық еңбегі мен таңдаған мамандығына деген адалдығы бүгінгі күнге дейін өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып келе жатқан лайықты офицерлердің бір емес бірнеше ұрпағын тәрбиелеп шығарды. Ол өз ісіне деген адал қызметімен халықтың құрметіне бөленді. Ол жоғары офицерлік құрметті адам болды. Рүстем Есімханұлы Қазақстан генералдар кеңесінің төрағасы бола тұра, барлық жағдайда қарапайым полицейдің мүддесін қорғап келді. ІІО-ның ардагерлеріне де көп еңбек сіңірді. Бүгінгі кездесу – оның рухына тағзым ету. Жас тәртіп сақшылары генерал Қайдаровтың өмірі мен қызметінің тарихын жан-жақты білді. Бұл өскелең ұрпақ полицейлерге үлгі болатынына сенімдімін, – деді Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Олжас Мырзабеков.

Әділет генерал-майоры Рүстем Есімханұлы Қайдаров – КСРО ІІМ қызметкері, ҚР ІІМ құрметті ардагері, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, профессор, “Генералдар кеңесі” президиумының төрағасы, халықаралық экологиялық палатаның құрметті профессоры. 20-дан астам ғылыми мақалалар мен оқу құралдарының авторы. Қазақ КСР қылмыстық іс жүргізу кодексі авторларының бірі. БҰҰ-ның есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі комиссиясының 39-шы сессиясында ҚР Парламентінің жұмыс тобының мүшесі болды. Минск конвенциясын әзірлеу жөніндегі Қазақстан Республикасы делегациясының жетекшісі. “Бірыңғай ақпараттық кеңістік туралы” ЗРК авторларының бірі. “Парасат”, “Достастық жұлдызы”, “Ерен еңбегі үшін”, “Ойы мен ісі үшін” ордендерімен, КСРО-ның, Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының, Украина мен Беларусияның 30-дан астам медальдарымен марапатталған.

2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыда ұшақ апаты орын алды, 14 адам қаза тапты. Қаза тапқандардың арасында әділет генерал-майоры Рүстем Есімханұлы Қайдаров та болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру