Алматыда көлік нөмірлерін ұрлаған күдікті қолға түсті
Алматыда ұрланған мемлекеттік нөмірлер үшін төлем талап еткен ұры ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда біраз уақыттан бері автокөліктердің мемлекеттік нөмірін ұрлап, қылмыс орнында төлем талап еткен жазбалар қалдырған ұры қолға түсті.
– Белгісіз адам көліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірін шешіп алып, орнына ақша талап еткен жазба қалдырған. Ол қылмысты Алмалы, Бостандық және Медеу аудандарының аумағында жасаған. Біздің Полиция басқармасына 4 адам шағымданды. Дереу криминалдық полиция қызметкерлері қаскүнемді іздей бастады. Өткізілген жедел-іздестіру іс-шараларының барысында осы қылмыстарға қатысы бар азамат ұсталды.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – деді Алмалы ауданы Полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.