Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда полиция әр ауданда профилактика кабинеттерін ашты

Алматыда полиция әр ауданда профилактика кабинеттерін ашты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Биыл 2 наурыздан бастап Қазақстанда "Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы" жаңа заң күшіне енді. Оның басты мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, яғни олар орын алмай тұрып, жүйелі түрде болдырмау.

Құжат профилактика саласындағы барлық тетіктерді бір жүйеге біріктіріп, жұмысты барынша түсінікті әрі тиімді етуге бағытталған.

Аталған заң профилактикаға қатысушылардың аясын кеңейтеді. Енді бұл жүйеге тек полиция ғана емес, сонымен қатар әкімдіктер, отбасын қолдау орталықтары, денсаулық сақтау мекемелері, жастар ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдары да тартылған. Барлық тараптар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бірлесіп жұмыс істейді.

Заңда тұрғындардың рөліне де ерекше мән берілген. Азаматтар құқық бұзушылықтарды фото немесе бейнежазба арқылы тіркеп, полицияның қоғамдық көмекшісі бола алады. Бұл үшін жергілікті атқарушы органдар белгілейтін ақшалай сыйақы қарастырылған.

Сонымен қатар әр аудандық полиция басқармаларында профилактика кабинеттері ашылды. Мұнда мамандар азаматтармен тікелей жұмыс жүргізіп, тәуекелдерді ерте кезеңде анықтап, құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.

Жаңа заң бірқатар қосымша профилактикалық шараларды енгізеді. Атап айтқанда бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғаларға әкімшілік қадағалау орнату, қоғамға жат мінез-құлық үшін ресми ескерту жасау, жәбірленушілерге жақындауға тыйым салу сияқты тетіктер қарастырылған. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, жасөспірімдер қылмысының және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға баса назар аударылады.

Заңның негізгі мақсаты – тек жазалау емес, ең алдымен құқық бұзушылықтардың алдын алу. Полиция, мемлекеттік органдар және қоғамның бірлескен жұмысы қаланың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру