Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда полиция қоғамдық тәртіпті бақылауды күшейтті

Алматыда полиция қоғамдық тәртіпті бақылауды күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қаладағы қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында "Заң және тәртіп: қауіпсіз қала" атты жедел-алдын алу іс-шарасы бастау алды.

Аталған іс-шара аясында полиция қызметкерлері азаматтар көп шоғырланатын орындарда – жаяу жүргіншілер көшелерінде, саябақтарда, жол қиылыстарында, сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындарының маңында рейдтік іс-шаралар жүргізуде.

Негізгі назар азаматтарға қолайсыздық тудыратын құқық бұзушылықтарды анықтауға аударылған. Атап айтқанда, жабысқақ мінез-құлық, қайыршылық және қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіретін өзге де заң бұзушылықтар ерекше бақылауға алынған.

Іс-шара барысында азаматтардың жеке басы анықталып, олардың Қазақстан Республикасының аумағында болу заңдылығы тексеріледі. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.

Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады: құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады, кәмелетке толмағандар арнайы мекемелерге орналастырылады, ал шетел азаматтары заңды негіздер болған жағдайда сот шешімімен ел аумағынан шығарылады.

Полиция өкілдерінің айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – қауіпсіз әрі жайлы қалалық ортаны қалыптастыру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және құқық бұзушылықтардың алдын алу.

– "Заң және тәртіп: қауіпсіз қала" жедел-алдын алу іс-шарасы қоғамдық тәртіпті нығайтуға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Қоғамдық орындардағы жабысқақ әрі агрессивті мінез-құлық деректеріне ерекше назар аударылады. Мұндай әрекеттердің уақыт өте келе неғұрлым ауыр құқық бұзушылықтарға ұласу қаупі бар. Әрбір дерекке құқықтық баға беріледі. Қажет болған жағдайда кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне қатысты шаралар қабылданып, шетел азаматтарының ел аумағында болу заңдылығы тексеріледі. Біздің басты міндетіміз – Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіз әрі тыныш орта қалыптастыру, – деді Алматы қаласы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру