Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда республикалық дзюдо турниріне 300-ден астам полицей қатысуда

Алматыда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қызметкерлері арасында дзюдодан республикалық чемпионаттың салтанатты ашылуы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ауқымды спорттық додаға еліміздің 20 өңірінен келген 27 команда, жалпы саны 300-ге жуық полиция қызметкері қатысуда. Қатысушылар жарыс барысында жоғары деңгейдегі дене және кәсіби даярлықтарын көрсетіп отыр.

Турнирдің алғашқы күнінде татами төрінде 62, 66 және 73 келіге дейінгі салмақ дәрежелері бойынша тартысты белдесулер өтті. Бұл санаттарда жүлделі орындар үшін 72 спортшы өзара бақ сынады.

Жарыс әділ бәсеке, спорттық жігер және ұжымдық бірлік рухында өтуде. Бұл қызметтік тәртіпті нығайтып, командалық өзара іс-қимылды дамытуға ықпал етеді.

Спорттық іс-шараның ашылуында Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов мұндай жарыстардың маңыздылығына тоқталып, олардың қызметкерлердің дене дайындығын арттырумен қатар, төзімділік, шыдамдылық және рух беріктігін қалыптастырудағы рөлін атап өтті.

- Дзюдо – құрмет, өзін-өзі бақылау және жауапкершілік секілді қасиеттерді қалыптастыратын спорт түрі. Бұл қасиеттер қызмет барысында да көрініс табады. Бүгін татамиге еліміздің түкпір-түкпірінен ішкі істер органдарының үздік өкілдері шықты. Олардың жеңіске деген ұмтылысы – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі күнделікті еңбегінің айқын көрінісі. Мықты қызметкер – құқықтық тәртіптің сенімді тірегі, – деді ол.

Чемпионат "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында өтуде. Бұл спорттағы тәртіп пен күштің қызмет тиімділігімен тікелей байланысты екенін айқындайды.

Жарыстың екінші күні өтіп, оның қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталмақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру