СҚО-да полицейлер әлеуметтік желі қолданушыларының сұрақтарына жауап берді
СҚО-да полицейлер әлеуметтік желі қолданушыларының сұрақтарына жауап берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында "Жолда қабылдау" республикалық акциясы аясында полицейлер әлеуметтік желі қолданушыларының сұрақтарына жауап берді. Тікелей эфир барысында тұрғындардан жол қауіпсіздігіне қатысты 30-ға жуық сұрақ келіп түсті.
Пайдаланушылардың сауалдарына әкімшілік полиция, процессингтік орталық және көші-қон қызметінің тәжірибелі мамандары жауап берді. Сұрақтардың басым бөлігі жол қозғалысын ұйымдастыруға қатысты ұсыныстар мен ескертулерді қамтыды.

Мәселен, тұрғындардың бірі Петропавл теміржол вокзалы маңындағы алаңда орнатылған жол белгілерінің өзектілігін қайта қарауды ұсынды. Полицейлер кері байланыс үшін алғыс білдіріп, бұл мәселе жол қауіпсіздігін арттыру және қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасау мақсатында қосымша зерделенетінін атап өтті.
Көші-қон қызметінің өкілдері жақын шетелдерден келген азаматтарды тіркеу тәртібін түсіндіріп, есепке қоюдың кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын алгоритмін еске салды.
Сондай-ақ тұрғындарды жолдағы ақаулар мен жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері туралы хабарлау арналары қызықтырды. Полицейлер мұндай жағдайларда жедел әрекет ету үшін "102" нөмірін, "102" мобильді қосымшасын, сондай-ақ Halyk, Kaspi және eGov mobile қосымшаларындағы "Заң мен Тәртіп" сервисін пайдалануға кеңес берді.
Бұдан бөлек, құқық қорғау органдары әкімшілік заңнамадағы өзгерістер туралы ақпарат берді. Жаңа нормалар цифрлық технологиялардың дамуын ескере отырып, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Атап айтқанда, жасанды интеллект арқылы көлік жүргізу кезінде телефон пайдалануды, жанбай тұрған фараларды, техникалық байқау мен сақтандыру полисінің мерзімінің өтуін, қару сақтау рұқсатының жарамдылығын және өзге де бұзушылықтарды анықтау көзделген.
"Жолда қабылдау" акциясы халықпен ашық форматтағы диалог орнатып, қоғам мен полиция арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған. Ол "Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясында жүзеге асырылуда.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 100 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 15 адам қаза тауып, 131 адам жарақат алған. Оқиғалардың 92 пайызы жүргізушілердің кінәсінен болған.
