Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 300 құрбанына білікті көмек көрсетілді

Ақмола облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 300 құрбанына білікті көмек көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мұндай мәліметтерді өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Ақмола олысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ерболат Хусаинов келтірді.

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесу 19 қыркүйекте өтті, ал күн тәртібінде тұрған басты мәселе – полицияның отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстардың алдын алу және ескерту бойынша қабылдап жатқан шараларын талқылау болды. Спикер баяндамасында үйдегі зорлық-зомбылықтың алдын алу учаскелік полиция инспекторларының өз учаскелеріндегі басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Осы жылы өңірде тұрмыс саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар санының 27%-ға төмендеуі байқалғанына қарамастан, департамент басшылығы осы санаттағы қылмыстардың алдын алуды бірінші орынға қойып отыр.

Айта кету керек, тұрмыстағы 40 қылмыстық құқық бұзушылық фактісінің 22 жағдайында зардап шегушілер – әйелдер. Жалпы, полицейлер әйелдерге қатысты қылмыстық көріністердің барлық түрлерінің 330-дан астам фактіге төмендегенін атап өтті.

Отбасылық жанжал шығарушылардың тұрғылықты жері бойынша жүргізілген рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде тұрмыстағы құқыққа қарсы әрекеттері үшін 538 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оларға ескертулер жасалып, 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.

Биыл полицейлер “ас үй жауынгерлеріне” қатысты 2342 қорғау нұсқамасын шығарды, 484 ерекше талап қойды. Сонымен қатар, қорғау бұйрығын бұзған 170 үй тираны және ерекше талаптарды бұзған 297 адам жауапқа тартылды. Тұрмыстық құқық бұзушылықтардың салдарын азайту үшін алкоголизмнен зардап шегетін 343 адамға қатысты алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеу түрінде алдын-алу шаралары қолданылды.

Спикердің айтуынша, дәл осы санаттағы азаматтар көбінесе тұрмыстағы заңсыз әрекеттердің фигуранттары болып табылады. Айта кету керек, бүгінгі таңда өңірде 9 дағдарыс орталығы жұмыс істейді, онда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге жан-жақты көмек көрсетіледі. Биылғы жылы онда 300 адам оңалту алды, оның ішінде 72 әйел және 228 бала.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру