Ақмола облысының тұрғыны пәтер ұрлығын ашқан полицейлерге алғысын білдірді
Ақмола облысының тұрғыны пәтер ұрлығын ашқан полицейлерге алғысын білдірді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Целиноград ауданы полиция бөлімінің атына Қосшы қаласының тұрғынынан алғыс хат келіп түсті, онда ол полиция қызметкерлеріне кәсібилігі, жеделдігі және адами көзқарасы үшін шын жүректен ризашылығын білдірді.
2026 жылдың 19 қаңтарында белгісіз біреулер әйелдің пәтерінен құны 1,8 миллион теңгеге жуық алтын зергерлік бұйымдарды ұрлап әкеткен. Бірнеше күннен кейін полиция күдіктілерді анықтап, ұстады. Ұрланған мүлік иесіне толық қайтарылды.
Целиноград аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Нұрбол Ережеповтің айтуынша, ұсталғандардың пәтер ұрлығының екі эпизодына қатысы бар, олардың бірі Қосшыда жасалған. Материалдар біріктірілгеннен кейін қылмыстық іс тергеліп, айыптау үкімін шығару үшін сотқа жіберілді.
Жәбірленуші өз хатында Қосшы қаласы полиция бөлімінің аға тергеушісі А.Н.Ибраимованың, тергеуші Р.Г.Қожабековтың және тергеуші Нұрбол Орынбайұлы Ережеповтың жұмысын ерекше атап өтіп, олардың кәсібилігі мен ұқыптылығының арқасында әділеттік орнап, ұрланған барлық құндылықтар қайтарылғанын атап өтті.
— Қылмыстарды ашу - біздің жұмысымыз. Бірақ адамдар еңбегімізді бағалап жатса бұл әрбір полиция қызметкері үшін ең жақсы марапат, - деп атап өтті Ережепов.
