Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола полицейлері есепте тұрған 700-ден астам отбасын тексерді

Ақмола полицейлері есепте тұрған 700-ден астам отбасын тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“Түнгі қаладағы балалар” жедел алдын алу іс-шарасы балалардың құқықтарын бұзудың алдын алуға, балалар еңбегін пайдалануды анықтауға, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алуға, ойын-сауық мекемелерінде және тұрғын үйден тыс жерлерде кешкі және түнгі уақытта кәмелетке толмағандарды анықтауға бағытталған. Іс-шара 27-29 маусымға дейін созылды.

Жедел алдын алу іс-шарасы барысында полицейлер тұрғылықты жері бойынша полиция органдарының есебінде тұрған 750 қолайсыз ата-ананы аралады.

Іс-шараның үш күнінде бейморальдық өмір салтын ұстанатын және балаларын тәрбиелеумен айналыспайтын тағы 17 заңды өкіл анықталды. Қолайсыз отбасыларда тәрбиеленетін балалардың тұру жағдайларын тексеру кезінде ата-аналармен алкоголь мен есірткі заттарының адам ағзасына зияны туралы әңгімелер жүргізілді. Ата-аналардың балаларды тәрбиелеу, күтіп-бағу және оқыту бойынша жауапкершілігі түсіндірілді.

Кәмелетке толмағандарды еңбекке пайдалану фактілерін тексеру барысында облыс бойынша балалар еңбегін заңсыз тартудың 20 фактісі анықталды, 3 жағдайда еңбек шарттарын жасаспау фактілері. Аталған жағдайларда жұмыс берушілерге еңбек заңнамасының нормалары, сондай-ақ кәмелетке толмаған жасөспірімдердің жұмыс кестесі мен режимі түсіндірілді.

Мәселен, 28 маусымда облыс орталығында рейдтер жүргізу кезінде дәмханалардың бірінен еңбек шартын жасаспай даяшы болып жұмыс істеген 17 жастағы бала анықталды. Сол күні, ТИР-лердің бірінде 16 жастағы кәмелетке толмаған А. анықталды, ол еңбек шартын жасаспай 4 сағаттан аса (таңғы сағат 10.00-ден кешкі сағат 16.00-ге дейін) кассир ретінде жұмыс істеген.

Аталған фактілер бойынша Ақмола облысы еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының атына тиісті ақпарат жолданды.

Жалпы, іс-шара аясында кәмелетке толмағандар мен олардың ата-аналарына кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу саласында туындайтын мәселелер бойынша құқықтық және консультативтік көмек көрсетілді.

Әңгімелесу барысында бейтаныс адамдармен жүріс-тұрыс, судағы, жолдардағы және демалыс орындарындағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру