Ақмола тұрғыны достарынан ақша мен телефон ұрлап кеткен
Ақмола тұрғыны достарынан ақша мен телефон ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көкшетау қаласының Полиция басқармасына 60 жастағы жергілікті тұрғын келіп, 17 қыркүйекте белгісіз біреу үйден 1,1 млн теңге мен ұялы телефонын ұрлап кеткені туралы хабарлады. Залалдың жалпы сомасы 1,3 млн теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктіні анықтады. Ол бұрын ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған облыс орталығының 27 жастағы тұрғыны болып шықты.
Күдікті достарымен бірге жәбірленушіге қонаққа барған, ащы суды бірге ішкеннен кейін өтініш беруші ұйықтап қалған, осы уақытта күдікті ақша мен ұялы құрылғысын қолды еткен. Қаскөй телефонды сатып, ақшаны жұмсап қойған.
Заттай дәлелдемелерді, атап айтқанда ұялы телефонды полиция қызметкерлері сатып алушыдан тәркілеп алды.
Қазіргі уақытта Полиция басқармасы осы факті бойынша ҚР ҚК 188-бабының 1-бөлігі «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.