Ақмолада интернет-алаяқтыққа қарсы күрес күшейтілді
Ақмолада интернет-алаяқтыққа қарсы күрес күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысында интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтілуде. Бұл ретте полиция мен банк секторы арасындағы өзара іс-қимылды нығайту негізгі басымдықтардың бірі ретінде айқындалды.
Облыстық полиция департаментінде интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және құқық қорғау органдарының екінші деңгейдегі банктермен өзара байланысын арттыру мәселелеріне арналған жұмыс кездесуі өтті. Жиынға киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесінің басшылығы мен қызметкерлері, сондай-ақ өңірдегі банк филиалдарының жетекшілері қатысты. Кездесуді департамент бастығының бірінші орынбасары Ерлан Ақбаров жүргізді.
Жиынды ашқан ол интернет-алаяқтық тек жекелеген азаматтарға ғана емес, тұтас қоғамға кері әсерін тигізетін күрделі мәселе болып отыр. Өз кезегінде киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Досым Жапаров биыл алаяқтық фактілері бойынша полицияға 180-нен астам өтініш түскенін жеткізді.
Кездесу барысында қатысушылар азаматтарды алдаудың заманауи тәсілдерін жан-жақты талқылады. Әсіресе, күдікті қаржы операцияларын дер кезінде анықтап, бұғаттау, жедел әрекет ету, ұрланған қаражатты қайтару және құқық қорғау органдары мен қаржы ұйымдары арасындағы тиімді ақпарат алмасуды жолға қою мәселелеріне баса назар аударылды.
Сонымен қатар өзара іс-қимыл барысында туындайтын кейбір күрделі мәселелер де талқыланып, оларды шешудің нақты тетіктері ұсынылды. Тиімділікті арттыру мақсатында деректермен жедел алмасу үшін танымал мессенджерлерде арнайы чаттар мен топтар құру бастамасы көтерілді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ведомствоаралық ынтымақтастықты одан әрі күшейтуге, қосымша профилактикалық шараларды іске асыруға және интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында халық арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыруға уағдаласты.
