Ақмолалық полицей көлігі қарға батқан тұрғынға көмектесті
Ақмолалық полицей көлігі қарға батқан тұрғынға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Instagram ведомстволық аккаунттың жеке парақшасына облыс орталығының тұрғыны алғыс сөздерін жазды. Ер адамның айтуынша, ол қаладан тыс жерге итпен серуендеуге шыққан. Сол күні көлігі қарға батып қалған.
– Мен итіммен қаладан тыс жерде жиі жүремін. Бұл жер мен үшін таныс. Қала ішінде ауа райы тамаша болып тұрғандықтан мен тіпті малақайымды алған жоқпын. Қар құрсауынан өзім шыға аламын деп ойладым. 40 минуттай жолды жалғастыру үшін қарды қолмен қазуға тырыстым, себебі көлігімде күрек болған жоқ, – деді кәсіпкер.
Ер адамның шығу әрекеттері нәтижесіз болды. Бақытына орай, осы уақытта Садовый ауылдық округіне қызмет көрсететін учаскелік инспектор өтіп бара жатып, көлігін қардан шығара алмай тұрған тұрғынды көріп, оған көмекке келген. Алдымен полицей Бахтияр Нұрмағамбетов қызметтік көлігіндегі арқанмен қарға батып қалған Niva көлігін тартып шығаруға тырысты. Арқан үзілген кезде полицей жүргізушіні қиын жағдайда қалдырмады және өзінің әкімшілік учаскесінің тұрғынынан көмек сұрады.
– Күрек пен арқан сұрайтын адам тапты. Үшеулеп көлікті шығаруға тырыстық. Полицей адамгершілігі мол адам. Осы қарбаласта мен тіпті оның атын сұрамадым. Оған бар жақсылықты және қызметте ілгерілеуді тілеймін, – деп жазды ақмолалық.
Бақтияр Тасболатұлы Садовый ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы болып екі жылдан астам жұмыс істейді және жергілікті тұрғындар арасында құрметке ие. Тәртіп сақшысы жолда өзара сенімді және мұқият болу өте маңызды екенін айтады. Жолда жүргізушілерге көмектесу полицейлер арасында дәстүрге айналды.