Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмолалық полицейлер мен құтқарушылар өрттің алдын алды

Ақмолалық полицейлер мен құтқарушылар дәмхана ғимаратындағы өрттен бірнеше газ баллонды алып шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

25 сәуірде таңғы сағат 05.00 шамасында Жедел басқару орталығына Вернадский көшесі 2-үй, 100 шаршы метр дәмханада өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнына бірінші болып вокзал маңы алаңында орналасқан Модуль-4 стационарлық бекетінің қызметкерлері Бауыржан Өмірзақов пен учаскелік полиция инспекторы Данияр Нұртазин барды.

Бауыржан Өмірзақовтың айтуынша, ғимарат ішінде барлығы қара түтінге оранған.

– Мен дәмханада аспазшылар бар деп ойладым. Мүмкін олар шыға алмай жатыр, – дейді полиция қызметкері.

Айта кету керек, дағдарыс жағдайында полиция қызметкерлері өздерін сауатты ұстады, тез бағыт алды және бірінші болып жанып жатқан дәмханадан газ баллонын алып шықты.

Есептік өрт сөндіру тобы келгеннен кейін тағы үш газ баллоны және екі оттегі баллоны шығарылды. Одан әрі өрт орнына полицей Асқар Баймағамбетовтың басшылығымен Әскер-4, Әскер-2, Әскер-5 автопатрульдерінің экипаждары жетті.

Сондай-ақ, қоғамдық қауіпсіздік мақсатында патрульдік полиция қызметкерлері көлік құралдарының жол қозғалысын жауып, Жетісу қонақ үйінен және жақын маңдағы жеке үйлерден адамдарды эвакуациялады. Полиция мен төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің шебер және үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында зардап шеккендер жоқ.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша 204-баптың 2-бөлігі (Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру