Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында криминалист күректің көмегімен мал ұрлаған күдіктіні анықтады

Ақтөбе облысында жас криминалист күректің көмегімен мал ұрлаған күдіктіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

20 қаңтар түнде Алға ауданындағы ауыл тұрғынының қорасынан 3 қойын ұрлаған күдікті адам криминалист маманның кәсібилігі мен қырағылығының арқасында қолға түсті.

Жедел тергеу тобының құрамында болған аудандық полиция бөлімінің аға криминалисі түнде болған боранның салдарынан таңертең оқиға орнынан және ауыл ішінен көліктің де, адамның да іздерін таппаған. Іздестіру шараларын жалғастыра отырып, ол қылмыс болған үйден 400 метрдей қашықтықта орналасқан ауыл шетіндегі жолдан сынған күректің сабын тапқан.

Көлік батып кетердей болған соң ауыл тұрғындарының бұл жолмен жүрмейтіндігін анықтап, күмәнданған кримининалист Өтеген Ұзықов күректің сабын заттай айғақ ретінде тәркілеп, саусақ іздеріне зерттеу тағайындаған. Жүргізілген криминалистикалық зерттеу нәтижесінде саусақ іздері бойынша күдікті анықталып, ұсталды.

Ақтөбе тұрғыны өзі ұрлаған қойларды алып бара жатқанда, ауыл сыртында көлігі қарға батып, күрегімен жол ашқаны және осы мезетте сынған күрегінің сабын лақтырып кеткені анықталды. Күдікті қойларды қала сыртындағы иесіз бау-бақша ұжымдарының бірінде сойып, етін сатып жібергенін айтты.
Күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру