Ақтөбе облысында полицей жиналған шөбі өртенген ауыл тұрғынына көмектесті
Түнгі уақытта ауыл үйлерінің бірінде шыққан өртті ауыздықтауға көмектескен тәртіп сақшысы қайғылы жағдайдың алдын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Мәртөк аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі Асхат Қоңгереев 8 тамыздан 9 тамызға қараған түні жедел-тергеу тобының кезекші құрамында болды. Шамамен сағат түнгі 02.30-да жұмыс орнынан шығып, үйге бара жатқан жолда ауылдың басқа шетінде бір объектіден өрт шыққанын көріп, бірден кезекші бөлімге қоңырау шалған.
Ауылдағы үйлердің бірінде шөп өртенген. Өрт сөндірушілерді күтпей, жедел уәкіл бірден аулаға жүгірді, алдынан үйдің иесі жүгіріп шығып, малды айдап шығаруды өтінді. Асхат ірі қара малды айдап шығып, оларды қауіпсіз жерге байлап қойған. Басқа малдарды қауіпсіз жерге айдап әкетті.
Өрттен зардап шеккен үй малдары жоқ. Үй иелері, зейнеткерлердің екеуі де Асхат Қоңгереевке алғыстарын білдірді, олар оның полиция қызметкері екенін білмеген.