Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе полицейлері велосипед ұрлығымен айналысқандарды ұстады

Ақтөбе полицейлері велосипед ұрлығымен айналысқандарды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

21 қыркүйекте таңғы мезгілде белгісіз тұлғалар Ақтөбе қаласы Ағайынды Жұбановтар көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің кіреберісінің алдында тұрған, осы үйдің тұрғындарының біріне тиесілі велосипедті жасырын ұрлап кеткен. Велосипед есік алдындағы темір қоршауға құлыппен бекітілген, бірақ бұл да ұрылардың қылмыстық пиғылын жүзеге асыруына кедергі бола алмаған.

Бұл туралы полиция бөліміне 25 жастағы велосипед иесі арызданды. Жәбірленуші келтірілген залал көлемін 40 мың теңгеге бағалады. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында бейнебақылау камералары жазбаларының көмегімен екі ер адамды анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Олар 44 жастағы жұмыссыз жергілікті тұрғын және 22 жастағы колледж студенті болып шықты.

Тергеп-тексеру барысында ұсталғандар осы ұрлықты жасағаннан кейін, кешкі уақытта Әбілқайыр хан даңғылы мен Қ.Сәтбаев көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің алдынан тағы екі велосипедті ұрлағаны анықталды. Бұл екі жағдайда да велосипед иелері мүлкін далада кіреберістің алдында қалдырып, есік алдындағы темір қоршауларға арнайы құлыппен бекіткен.

Ұрлық фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұрланған велосипедтердің барлығы тәркіленді. Күдіктілер оларды жеке пайда табу мақсатында ұрлағандарын мойындады. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру