Ақтөбеде адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі ҚАЖД мекемесіне барды
Ақтөбе облысы бойынша адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Тимур Жакеевтің қатысуымен бекітілген жоспарға сәйкес ҚАЖД-ға қарасты №70 мекемеде жоспарлы аралау жұмыстары өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Сапар барысында сотталғандардың ұсталуы жағдайлары жан-жақты тексеріліп, мекеменің негізгі нысандары мен қызмет бағыттарының жұмысы таныстырылды.

Өкіл тұрғынжай аймақтарын, асхананы, медициналық бөлімшені, монша-жуу кешенін, тәрбие және өндірістік аймақтарды, сондай-ақ мекеменің өзге де қызмет көрсету бөлімдерін аралап көрді. Санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуы, тұрмыстық жағдай, азық-түлікпен қамтамасыз ету деңгейі және медициналық қызмет сапасына ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар сотталғандардың құқықтарының сақталуы, олардың еңбекке тартылуы, тәртіптік талаптардың орындалуы, әлеуметтік және құқықтық көмектің көрсетілуі мәселелері қаралды. Аралау барысында сотталғандармен жеке кездесулер ұйымдастырылып, олардың ұсыныс-пікірлері мен өтініштері тыңдалды. Көтерілген мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, кейбір өтініштер бақылауға алынды.

Іс-шара қорытындысында мұндай жоспарлы аралаулар сотталғандардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге, мекеме қызметінің ашықтығын арттыруға және туындауы мүмкін мәселелерге жедел ден қоюға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
