Маңғыстаулық ардагерлер республикалық жарыста табысты өнер көрсетті
Тараз қаласындағы ІІМ-нің "Арлан" спорт кешенінде қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан "Халық Қаһарманы" Ғазиз Байтасов, Жанат Байсейітов және П. Аянқұловты еске алуға арналған ішкі істер органдары ардагерлері арасындағы республикалық шағын футбол турнирі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жарысқа еліміздің түрлі өңірлерінен, атап айтқанда Қызылорда, Павлодар, Қостанай облыстарынан, Тараз қаласынан және ҚР ІІМ құрамасынан құралған 8 команда қатысты. Турнир 50 жастан асқан ардагерлер арасында ұйымдастырылды.
Тартысты өткен ойындардың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы полиция департаментінің ардагерлер командасы жоғары дайындық деңгейін, ұйымшылдық пен спорттық шеберлікті көрсетіп, құрметті екінші орынды иеленді.

Сонымен қатар маңғыстаулық ардагерлер "Үздік шабуылшы", "Үздік қорғаушы", "Үздік қақпашы" жеке номинациялар бойынша да марапатталды.
Команданың ең жасы үлкен қатысушысы – 61 жастағы ішкі істер органдарының ардагері, ол өңір намысын республикалық деңгейде абыроймен қорғады.
Команда Маңғыстау облысына оралған соң ардагерлерді әуежайда әріптестері, туыстары және Полиция департаментінің өкілдері салтанатты түрде қарсы алды.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов қатысушыларды жоғары нәтижемен құттықтап, олардың белсенді өмірлік ұстанымы мен спортқа деген адалдығын атап өтті. Ол ардагерлердің жетістігін патриотизмнің, рух мықтылығының және ұрпақ сабақтастығының жарқын үлгісі ретінде бағалады.
Іс-шара соңында ардагерлерге арнап достық кездесу ұйымдастырылып, олар турнирден алған әсерлерімен бөлісті.
