Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде пробация қызметкерлері сотталғандарға көмек қолын созды

Ақтөбе облысында пробация қызметкерлері сотталғандар екінші рет аяғын шалыс баспас үшін көмек қолын созуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты 15 аудандық пробация қызметтеріне есепке алынған сотталғандар арасында пробация қызметкерлерінің қолдауымен кәсіп ашып, қоғамға бейімделіп кеткендері аз емес. Бұдан бөлек, бас бостандығынан айыру орындарынан босағандардың қателікке қайта бой алдырмауы үшін жергілікті пробация қызметтері олардың заңға сәйкес жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерге қол жеткізуіне, істі болғандардың жұмысқа тұруына барынша ықпал жасап келеді.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Қобда аудандық пробация қызметіне 2020 жылдың қараша айында есепке алынған сотталған Т.-ға есепке алынған күннен бастап пробация қызметкерлері жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.

Аудандық пробация қызметі қамаудан босаған азаматтың алғашқы материалдық қиындықтардан шығуына ықпал жасау үшін сол секілді заңнамада белгіленген жеңілдіктер мен жәрдемақылар, басқа да әлеуметтік төлемдерге қол жеткізу үшін аудандық жұмыспен қамту бөліміне ұсыныс жолдайды. Арнайы құрылған комиссияның шешімімен пробация қызметінің ұсынысы қанағаттандырылып, сотталған Т-ға мемлекеттік атаулы көмек тағайындалып, нәтижесінде есепте тұрған Т. ай сайын 42 500-ге жуық атаулы әлеуметтік көмек алу мүмкіндігіне ие болды.

Сотталған Т.-ның 3-топтағы мүгедектігін ескерген пробация қызметі оны тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жалпы медициналық бақылаудан өткізіп, аудандағы орталық аурухананың психолог маманынан психологиялық көмек алуына мүмкіндік сыйлады.

Одан бөлек, Қобда аудандық пробация қызметі отбасындағы жалғыз асыраушысы сотталған Т.-ны аудандық жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, жергілікті жердегі “РусТал” ЖШС-не күзетші болып жұмысқа орналастырады. Онымен қоса, сотталғанның мектепте оқитын екі баласын мектеп жанынан тегін ыстық тамақпен қамтылуына ықпал жасайды. Сонымен қатар, аудандық жұмыспен қамту орталығы жанынан сотталған азаматтың бесіктегі сәбиіне ай сайын әлеуметтік азық- түлік жинағына қол жеткізуіне себепші болады.

Пробация қызметі тарапынан осыншама көмекке қол жеткізген сотталғанның Пробация сенімін ақтап, түзелу жолында келе жатқанына инспекторлар дән риза.

– Сотталған азаматқа қатысты жоғарыда аталған көмектер аудандық пробация қызметінің жеке бағдарламасы аясында іске асты және бұл жұмыстар сотталғанның қоғамға тез бейімделіп, қайта қылмысқа бой алдырмауы үшін жасалып жатыр.
Сотталған Т. пробация қызметінің тарапынан ұйымдастырылатын барлық профилактикалық іс-шараларға белсене қатысады және сот жүктеген міндеттерді қатаң сақтап келеді. Сонымен қатар, өз іс-әрекеті туралы есеп беруге Пробация қызметіне уақытылы келіп тұрады, – дейді Қобда аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Айгерим Жанбырбаева.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру