Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада 400-ге жуық оқушы есірткіге қарсы ұйымдастырылған шараға қатысты

"Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясында Ішкі істер министрлігі өскелең ұрпақ арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып келеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елордадағы №117 мектеп базасында ТМД-ның "Денсаулық және құқық апталығы" мемлекетаралық акциясы шеңберінде интерактивті дәріс форматында профилактикалық іс-шара өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында есірткіге қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және кәмелетке толмағандардың есірткі қылмысына тартылуының алдын алу.

Шараға ІІМ-нің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басшылығы, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес өкілдері, сондай-ақ қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты Психикалық денсаулық орталығының мамандары қатысты.

– 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша елімізде есірткі қылмыстары үшін 28 кәмелетке толмаған жас қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Біздің міндетіміз – жүйелі профилактикалық жұмыс пен жастармен ашық диалог арқылы бұл көрсеткіштің өсуіне жол бермеу, – деді комитет төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Іс-шара заманауи интерактивті форматта өтіп, оған шамамен 400 оқушы қатысты. Дәріс барысында қылмыстық және әкімшілік заңнама нормалары түсіндіріліп, есірткі қолданудың нақты салдарын көрсететін әлеуметтік бейнероликтер ұсынылды. Сонымен қатар жасөспірімдердің есірткі тұтынуға тартылуына қарсы тұру дағдыларын қалыптастыруға бағытталған интерактивті ойын ұйымдастырылды.

Қатысушыларға қосымша "Әр үйге тест" республикалық ақпараттық науқаны туралы мәлімет берілді. Аталған бастама ата-аналарға кәмелетке толмағандар арасында психобелсенді заттарды қолдану фактілерін ерте анықтау үшін экспресс-тесттерді қолдану мүмкіндігін қарастырады.

Оқушылар талқылауға белсенді қатысып, өзекті сұрақтар қойып, тақырыптық көріністерге атсалысты.

Мектеп әкімшілігі мен оқушылар іс-шараның мазмұны мен өзектілігін атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Айта кету керек, мұндай профилактикалық іс-шаралар еліміздің барлық өңірінде тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жастарды қорғауға және қауіпсіз әлеуметтік ортаны қалыптастыруға бағытталған кешенді шараларды жалғастырады.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру