Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада алаяқтық жасады деген күдікпен әйел ұсталды

Астанада алаяқтық жасады деген күдікпен әйел ұсталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана қаласында полиция қызметкерлері  есіктерді сату ісімен байланысты бірнеше алаяқтық дерегі бойынша 40 жастағы әйелді анықтап, ұстады.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті базардағы бутиктердің бірінде сатушы болып жұмыс істеген және клиенттерден бөлме есіктерін дайындау мен жеткізуге тапсырыстар қабылдаған. Алайда тапсырыстардың бір бөлігін ресми түрде рәсімдемей, алынған ақшаны жеке пайдасына жаратқан.

Тергеу барысында күдіктінің тапсырыс берушілерге тауардың жақын арада жеткізілетінін айтып, сенімдеріне кіргені анықталды. Төлемді алғаннан кейін біраз уақыт бойы клиенттермен байланыста болып, түрлі себептермен жеткізуді кейінге қалдырған. Кейін байланысқа шығуын тоқтатқан.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Астана қаласы полиция департаментінің қызметкерлері күдіктінің жүрген жерін анықтап, оны еліміздің басқа өңірінде ұстады.

Қазіргі уақытта осыған ұқсас 10 алаяқтық фактісі анықталды. Эпизодтардың бірінде келтірілген материалдық шығын көлемі шамамен 900 мың теңгені құраған. Сонымен қатар күдіктінің басқа да осыған ұқсас құқық бұзушылықтарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция азаматтарды ірі көлемдегі тапсырыстарды рәсімдеу кезінде төлем жасалғанын және мәміленің ресми тіркелгенін растайтын құжаттарды мұқият тексеруге шақырады. Сондай-ақ қызмет толық көрсетілгенге дейін барлық түбіртектерді, шарттарды және хат алмасуларды сақтап қою қажет екенін ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру