Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада полицейлердің заңды талабына бағынбаған екі мас тұрғын жауапқа тартылды

Астанада полицейлердің заңды талабына бағынбаған екі мас тұрғын жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елордалық жедел басқару орталығына кешкі уақытта дәмханалардың бірінің маңында болған төбелес тіркелді. Оқиға орнына жедел жеткен патрульдік полиция тобы үш ер адамның төбелескенін анықтап, оларды тоқтатуға жұмылған. Олардың арасына түсу барысында қатысушылардың бірі өзін агрессивті ұстап, мемлекеттік қызметкерлердің заңды талаптарына бағынбай, балағат сөздер айтқан. Мас күйінде қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін, 50 жастағы ер адам ұсталып, қолына кісен салынды.

Бұған қоса ол, патрульдік көліктің ішінде де полицейлерге әдепсіз сөздер айтып, тиісті сұрақтарға жауап бермей, өзін дұрыс ұстамаған. Жөнге келмеген құқық бұзушы елордалық Алматы ауданының полиция бөліміне жеткізілген.

Сол күні кешке полицияға отбасылық жанжал шығарып, үй мүшелеріне қорқыту әрекетін жасаған әкесі туралы хабарлама келіп түседі. Оқиға орнына дереу патрульдік полиция жасағы барған. Пәтерде тәртіп сақшыларына балағат сөздер айтып, полицейлерге қарсы шыққан 58 жастағы ер адамды ұстап, бұзақыны полиция бөліміне әкелді.

Сараптама қорытындысына сәйкес, екі құқық бұзушы да оқиға кезінде мас күйінде болған.
Билік өкіліне қызметтік міндеттерін атқару кезінде балағат сөздер айтып, бағынбағаны үшін екі азаматқа да ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабы (Билік өкiлiн қорлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру